Экология талаптары бұзылды: Өскеменде кәсіпорынға шара қолданылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде зиянды шығарындылар нормасын асырған жылу компаниясына айыппұл салынды.

Өскеменде ауа сапасы нашарлады
Фото: Қала тұрғындарынан

ШҚО Экология департаменті «Шығыс Жылу» АҚ-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

— Соның аясында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан күндері ауаға тарайтын шығарындылар көздеріне бақылау өлшемдері жүргізілді. Нәтижесінде көміртек оксиді бойынша белгіленген нормативтердің төрт есеге дейін артқаны анықталды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Желсіз күндері шығарындыларды азайту талаптарының сақталмауы экологиялық рұқсат шарттарының бұзылуы болып саналады. 

— Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3,5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттілді, Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда ақпан айында 600-ден астам автокөлік экологиялық норманы бұзғаны хабарланған.