Өскеменде ауаның ластануынан оқушылар қашықтан оқиды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында екінші дәрежелі қолайсыз ауа райы үшінші күн қатарынан сақталып, бірінші және екінші ауысымда оқитын мектеп оқушылары 30 қаңтардан бастап қашықтан оқытуға көшірілді.
Бұл шешім балалардың денсаулығына қауіп төндіруді азайту мақсатында қабылданды. Қолайсыз ауа райы жағдайында зиянды ластаушы заттар ауада ұзақ сақталады, ал қаладағы ауа сапасы тұрақсыз болып қалады.
— Ауа райының қолайсыздығы кезінде біздің бірінші кезекте оқушыларымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты маңызды. Сондықтан оқушыларды уақытша қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады қалалық білім басқармасынан.
Бекітілген кестеге сәйкес онлайн режимінде сабақтар өткізіліп, оқу үдерісі толық көлемде жалғасып жатыр. Білім басқармасы ата-аналардан қаладағы ауа-райы жақсарғанша мамандардың хабарландырулары мен ұсыныстарын орындауды сұрады.
Еске салайық, Өскеменде ауаға тараған екі зиянды заттың мөлшері шекті деңгейден асып кетті.