Өскеменде балаларды терезеден құлаудан сақтандыру үшін дрондар қолданылады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменде «сөйлейтін» дрондар ашық терезелердің қауіпті екенін ескертіп ұшып жүр.

дрон
Фото: ШҚО ТЖД

Сәуір айынан бері облыста екі бала терезеден құлап кеткен. Абырой болғанда, екеуі де аман қалды. Алайда дене жарақатын алып, ем қабылдап жатыр.

Мамыр айындағы ыстықта қала тұрғындары терезелерін жиі ашып қояды. Дәл осындай күндері балалардың құлап кету қаупі артады.

Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде 8 бала терезеден құлап кеткен. Оның бірі мерт болды.

Қауіпті статистиканың алдын алу үшін құтқарушылар ерекше профилактикалық шараны қолға алды. Көпқабатты үйлердің ауласында акустикалық жүйемен жабдықталған дрондар ұшып жүр. Олар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін дауыстап ескертеді.

Ұшқышсыз ұшу аппараттары терезеге орнатылатын арнайы құлыптар мен бекіткіштердің қандай болатынын да көрсетті. Мұндай құрылғылардың әсіресе кішкентай баласы бар отбасылар үшін маңызы зор.

- Ата-ана бір сәтке басқаға айналып қалғанда қайғылы жағдай болуы мүмкін. Біз тек жадынама таратумен шектелмей, ересектерді шын мәнінде ойландырып, балалардың қауіпсіздігіне назар аудартқымыз келді, - дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.

Шара барысында құтқарушылар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен ғана шектелмей, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне терезеге қорғаныш құрылғыларын орнатып берді.

Еске салсақ, осыған дейін өткен жылы Қызылорда облысы бойынша балалар терезеден құлап кеткен 16 дерек тіркелгені хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар