Өскеменде банк қызметкері 10 мың долларды қоқыспен бірге шығарып, кейін ақшаны жоғалтып алған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемендегі банк қызметкері 10 мың доллар ақша ұрламақ болды. Бейнебақылау таспаларының назарына түсіп, өзіне көңіл аудартпау үшін әйел ақшаны қоқыс тастайтын шелекке салып, оны жұмыс орнынан шығарып тастады, деп хабарлайды YK-news.kz.
Ақшаның жоғалуын анықтаған банк басшылығы тергеу амалдарын бастағанда, қылмыскердің кім екені анықталды.
Сотта айыпталушы жұмыстан үйге оралған кезінде сөмкесіне салған ақшаны жоғалтып алғанын айтты. Әйтсе де әйел шығынды өз еркімен өтеп берді. Сот айыпталушының үш баласының барын ескеріп, оған жеңілдік жаза - шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.