Өскеменде Ертіс көпірі астындағы жаңа жол тұрғындар арасында дау тудырды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген Ертіс көпірінің астындағы жол бүгінде жұрт арасында дау-дамай тудырды. 

Өскеменде Ертіс көпірі астындағы жаңа жол тұрғындар арасында дау тудырды
Фото: ШҚО ақпарат орталығы

Ертіс көпірінің астымен өтетін жаңа жол жағалау бойындағы қозғалысты жеңілдетіп, айналма жолға түсетін жүктемені азайту мақсатында салынған. Алайда қазір бұған жаяу жүргіншілер разы емес, наразы.

Олардың айтуынша, бұрын бұл аумақ серуендеуге ыңғайлы болған. Енді өзен бойымен өту қауіп тудырып отыр. 

— Жағалау бойымен келе жатқанда баяғыдай өзенге емес, жан-жағымызға қарап жүруге мәжбүр болдық. Себебі көлік астына түсіп кетпеу үшін абай болуға тура келеді. Бұл өте ыңғайсыз. Қыста қай жермен жүруге болатынын, қай жердің жол екенін ажырату тіптен қиын, — дейді қала тұрғыны Евгения Самойлова.

Әкімдіктің мәліметінше, жаяу жүргіншілер жағалау бойындағы бұрынғы маршрутты пайдалануы тиіс. Ал жаңа өткел әзірге толықтай абаттандырылмай іске қосылып кеткен.

— Бұл учаске әзірге жұмыс режимінде ашылды. Толық абаттандыру жұмыстары ауа райы тұрақталғаннан кейін жүргізіледі, — делінген хабарламада.

Ал жүргізушілер болса, көпір астынан шығатын жолдың геометриясына қатысты мәселе көтеріп отыр. Олардың айтуынша, жүргізуші жолақтарға барынша мұқият болу қажет, әсіресе түнгі уақытта немесе көлік ағыны тығыз болған кезде.

— Ол жердің жолы түп-түзу емес. Алғаш жүрген адам траекторияны «болжауға» мәжбүр. Қос сызықтың үстіне шығып кету оп-оңай. Өзімді бейне бір сынақтан өтіп жатқандай сезіндім: сәл қателік жіберсең, бірден ереже бұзған болып саналасың, — дейді жүргізуші Ерлан Бақытжанов.

Қозғалыстың жаңа сызбасы әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Қолданушылар видеолар жариялап, сызбалар салып, жеке тәжірибелерімен бөлісуде.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Ертіс көпірінің астындағы жаңа жол қашан ашылатындығы жайлы жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар