Өскеменде «Хроникадан болашаққа» кинолекторийі өтті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен Президент Телерадиокешенінің «Хроникадан болашаққа» жобасы өткен оныншы қала болды.
Екі күн бойы өскемендіктерге бірден бірнеше деректі фильм — «Құлалы аралының адамы», «Серт», «Travel Kazakhstan» және «Қуатты серіктес» туындылары ұсынылды. Режиссерлер мен сценаристер фильмдердің қалай түсірілгені туралы айтып, көрермен сұрақтарына жауап берді.
Президент телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған бұл жобаға қала тұрғындарының ерекше қызығушылық танытуы деректі киноның өңірдің мәдени және қоғамдық өміріндегі маңызын айқын көрсетті.
— Әр фильм өзекті әрі маңызды. Замандастарымыздың өмірі туралы сыр шертетін, еліміздің әр кезеңін таспаға түсіріп, тарихқа айналдырған туындылар. Деректі кино шеберлерінің шығармашылық көзқарасының арқасында көрермен бүгінгі Қазақстан қоғамында болып жатқан оқиғалар мен процестерге жаңаша қарап, дәл қасымызда өмір сүріп жатқан жандарды тереңірек тани алды деп ойлаймын. Президент Телерадиокешені мазмұнды әрі ойлы деректі киноны дамытуға зор үлес қосып келеді, — дейді кинолекторийдің ашылуында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Қала көрерменінің назарына «Құлалы аралының адамы» фильмі ұсынылды. Көпшілік үшін күтпеген жерден дәл осы картина ең көп талқыланған туындыға айналды. Каспий теңізіндегі шағын Құлалы аралында отыз жылдан астам уақыт бойы өмір сүріп, гидрометеорологиялық станцияны басқарып келе жатқан Петр Лупенковтың тағдыры көрермен жүрегіне жол тапты. Фильмде дабыралы оқиғалар емес, өркениеттен шалғайда өз кәсібіне адал жанның өмірі арқау болған. Өскемендік көрермендердің айтуынша, дәл осы адам тағдырын шынайы көрсету олардың көңілінен ерекше орын алған.
— Бұған дейін ауа райы болжамының артында қаншалықты күрделі еңбек тұрғанын ойлап көрмеппін. Күн сайын көретін қарапайым ақпараттың артында мол тәжірибе, тынымсыз еңбек пен өз ісіне адал адам тұр. Фильмнің атмосферасы ерекше әсер қалдырды. Каспий мен аралдың әсем табиғаты мен операторлардың жұмысы көрерменді оқиға ортасына жетелейді. Ал Петр Иванович алғашқы минуттардан-ақ зор құрметке лайық жан екенін аңғартты, — дейді көрермен Қуаныш Исмаилов.
Көрсетілімге келген тұрғындар фильмнің табиғаттың көркем көріністерімен қатар, адамдардың талайлы тағдырларын да шебер көрсете білгенін жеткізді.
— Фильмнің көркемдігі мен үйлесімі соншалық, кей сәтте оның деректі кино екенін де ұмытып кетесің. Кейін кейіпкердің ішкі жан дүниесін, мамандығының мәнін тереңірек түсіне бастайсың. Осындай өз ісіне адалдық пен таңдаған жолына деген беріктік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтатын «Адал азамат» бейнесімен үндеседі, — дейді өскемендік Инабат Қайсанова.
Сонымен қатар қала жұртшылығына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуы туралы баяндайтын «Қуатты серіктес» фильмі де көрсетілді.
— Бұл фильмде ресми кездесулер ғана емес, әр халықаралық келісімнің артында тұрған ауқымды еңбек те жан-жақты көрсетілген. Деректі фильм форматында мұндай процестер көрерменге анағұрлым түсінікті әрі жақын қабылданады. Соның арқасында дипломатияның шынайы құны мен нәтижеге жету үшін аянбай еңбектеніп жүрген адамдардың қажырлы еңбегін көруге мүмкіндік туады, — дейді Әлия Мұқашева есімді тұрғын.
Картина Қазақстан дипломатиясы мектебінің прагматизм мен ұзақмерзімді серіктестікке негізделген бағытын бейнелейді. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясатының негізгі қағидаттары.
Талай адам асыға күткен туындылардың бірі — 2024 жылғы алапат су тасқынына арналған «Серт» деректі фильмі болды. Фильмдегі негізгі оқиғалар еліміздің батыс өңірінде өрбігенімен, оны тамашалаған шығысқазақстандықтардың көбі 2010 жылдың көктеміндегі Шығыс Қазақстанды да жайпаған жойқын тасқынды еріксіз еске алды. Сол кезде табиғи апат Тарбағатай мен Самар аудандарындағы елді мекендерге орасан зиян келтіріп, жүздеген отбасының баспанасын қалпына келтіру мемлекет пен барша қазақстандықтың ортақ міндетіне айналған еді.
— 2024 жылы Батыс Қазақстанда табиғи апат болғанда шығысқазақстандықтар зардап шеккен тұрғындардың алақұйын сезімін шын түсінді. Өйткені біз де сондай қиындықты бастан өткердік. Бүкіл өңір болып азық-түлік, киім-кешек жинап, гуманитарлық көмек жібергеніміз әлі есімде. «Серт» фильмі қиын сәтте қазақстандықтардың әрдайым бір-біріне демеу болып, жұдырықтай жұмыла білетінін тағы бір мәрте еске салды. Сондықтан бұл фильмді міндетті түрде көру керек, — дейді зейнеткер Румхан Айдарбекова.
Кинолекторий қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырған тағы бір туынды — еліміздің туристік әлеуетіне арналған «Travel Kazakhstan» деректі фильмі болды. Әсіресе туризм саласының өкілдері үшін бұл кәсіби тұрғыдан маңызды жобаға айналды. Олардың пікірінше, осындай фильмдер ішкі туризмді дамытуға жаңа көзқараспен қарап, өзге өңірлердің табысты тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді.
— Бүгінде Шығыс Қазақстан үшін туризмді дамыту аса маңызды бағыттардың бірі. Еліміздің өзге аймақтарында туристік саланың қалай дамып жатқанын көру, тәжірибе алмасу, өңірімізде жүзеге асыруға болатын тың идеяларды зерделеу әрдайым қызықты. Мұндай фильмдер Қазақстанды кеңінен танытып қана қоймай, аймақтардың дамуына жаңа серпін береді, — дейді ШҚО Туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов.
Өскеменнен кейін кинолекторий Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлеріне жол тартады. Жоба ары қарай — Семей, Павлодар және Петропавл қалаларында жалғасады.
— Біз деректі киноның тек фестивальдер мен арнайы көрсетілімдер аясында ғана қалмай, қалың көрерменге жол тартқанын қаладық. Бұл фильмдер бүгінгі Қазақстандағы адамдар, оқиғалар мен маңызды процестер туралы баяндайды. Әр көрсетілімнен кейін көрермен өз ойларын айтып, сұрақ қойып, өмірлерінде болған оқиғаларымен бөліседі. Осындай ашық диалог — жобаның басты мақсаты. Сонымен қатар жастардың деректі киноға деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз, — дейді Президент Телерадиокешені Деректі кино орталығының аға редакторы Эльмира Ішмұхаметова.
Еске сала кетсек, «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Жоба бұған дейін Астана, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал және Ақтөбе қалаларында өткен. Кинолекторий өз жұмысын 25 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындылайды.