Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өскеменде қатты желден 5 үйдің шатыры бүлінді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласында қатты желден Ахмер кентінде жарық өшіп, 5 үйдің шатыры бүлінді.

Өскеменде қатты желден 5 үйдің шатыры бүлінді
фото: видеодан алынған кадр

Қолайсыз ауа райы, нақты айтқанда қатты жел мен найзағай салдарынан Ахмер кентінде электрмен жабдықтау желілерін апатқа байланысты ажырату қажет болды.

- Қатты желден 5 тұрғын үйдің шатыры зақымданып, желдің күшімен ұшқан құрылыс заттары электр желілері мен оқшаулағыштарды бүлдірген. Соның салдарынан электрмен жабдықтау уақытша тоқтатылды. Көп ұзамай электр желілерін қалпына келтіруге «ӨЭСК» АҚ-ның 3 авариялық бригадасы жұмылдырылған, - деп хабарлады қала әкімдігінен.

Көп ұзамай электр қуаты қайта беріле бастады.

- Сонымен қатар қатты желдің салдарынан 2 учаскеде көше жарығының тіректері бүлінді. Қалпына келтіру жұмыстарына 2 бригада жұмылдырылған. Бұдан бөлек, қолайсыз ауа райының салдарынан қаланың бірқатар инфрақұрылым нысандары да зақымданды. Алдын ала мәлімет бойынша, ешбір адам зардап шеккен жоқ және автокөліктер де бүлінбеген. Қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодар облысында дауылдан 49 тұрғын үй бүлінгені хабарланған.