Өскеменде қоқыс полигонындағы ірі өрт 24 сағаттан кейін сөндірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында қоқыс полигонындағы ірі өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде қоқыс полигонындағы ірі өрт 24 сағаттан кейін сөндірілді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт 26 сәуірде сағат 12:00 шамасында басталған. Құтқарушылар арнайы техникалармен сол жерде тәулік бойы жұмыс істеді. Төбе боп үйілген қоқыс пен жел жаңадан өрт ошақтарын тудырып, сөндіруді қиындатқан.

«Бүгін сағат 12.15-те қызыл жалын толықтай сөндірілді. Өртенген аумақтың ауданы 1 гектарды қамтыған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, оқиға орнына барлығы 40 адам мен 14 техника жұмылдырылған. Алдын ала мәлімет бойынша жалынның шығуына – қасақана өрт қою немесе отты абайсыз пайдалану себеп болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскеменде қоқыс полигоны өртеніп жатқанын хабарлаған болатынбыз.