Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты оқушылар онлайн оқиды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты 28 қарашада оқушылар мектепке бармайды.

Қалалық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 28 қарашада 1-11 сынып оқушылары онлайн форматқа ауыстырылады.
«Бұндай шешімге екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдайдың қалыптасуы себеп болып отыр», - делінген ақпаратта.

Екінші ауысымда оқитын балалар да қазір үйлеріне қайтарылып жатыр.
Айта кетейік, Өскеменде 23 қарашадан бері қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Назарбаев даңғылында орналасқан Достық үйі мен Гагарин бульвары көшесінің маңындағы тұрғын үйлердің халқы ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданған.


Экологтар тексеру жүргізген соң хлорсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі тіркелген.
Бүгін тағы да өскемендіктердің ауа сапасына шағымданғаны хабарланды.