Өскеменде көлікпен қарсы жолаққа шығып видео түсірген 18 жастағы жігіт жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында көлігіне тыйым салынған жарықшамдар орнатып, жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші жауапқа тартылды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тексеруге құқық бұзушының өзі әлеуметтік желіде жариялаған видеосы негіз болды.
- Кадрларда жеңіл автокөлік жүргізушісінің қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы жолаққа шыққаны және бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету сияқты қауіпті маневрлер жасағаны көрінген. Сондай-ақ ол заңда тыйым салынған қызыл-көк түсті жарықшамдарды пайдаланған, - делінген ақпаратта.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері құқық бұзушының кім екенін жедел анықтады. Ол Өскеменнің 18 жастағы тұрғыны болып шықты.
- Азаматқа қатысты бірнеше бап бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа жолданды. Түпкілікті шешім қабылданғанға дейін оның автокөлігі мамандандырылған тұраққа қойылды. Ер адам көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда бір күнде 30 көлік айыптұраққа жеткізілгені хабарланған.