Өскеменде мас күйде көлік жүргізген прокурор қызметінен қуылды

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Өскемен қаласында прокурор көлікпен жарық бағанасына соғылып, полицейлерден қашып құтылмақ болғаны үшін жұмыстан шығарылды. 

прокуратура
Фото: Қостанай облысы прокуратурасы

Белгілі болғандай, прокурор В. Б. Пан көлік тізгініне мас күйде отырған. Осыған қатысты іс Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотта қаралды.

Сот шешімімен қадағалау органының қызметкері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзу жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ ол 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

— Құқық қорғау органының беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін Өскемен қаласы прокуратурасы бөлімінің прокуроры «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жұмыстан шығарылып, «1-сыныпты заңгер» сыныптық шенінен айырылды, — деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласының прокуроры уақытша қызметінен шеттетілгені хабарланған.

Соңғы жаңалықтар