Өскеменде мектеп оқушылары арасында көпкүндік веложарыс басталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменде дәстүрлі «Қазақстанның мектеп оқушысы» атты көпкүндік веложарыс басталды. Байрақты бәсеке Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бастамасымен биыл 56-рет ұйымдастырылып отыр.
Жарыс биыл Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында өтіп жатыр. Дәстүрлі дода жас велошабандоздардың тәжірибесін шыңдап, болашақ чемпиондарды анықтауға мүмкіндік береді. Биылғы жарысқа еліміздің 11 өңірінен келген 120-ға жуық спортшы қатысып жатыр.
Сайыста 2008–2009 жылдары туған және одан кіші жастағы жасөспірімдер бақ сынайды. Көпкүндік жарыс 7 кезеңнен тұрады. Бағдарламаға жекелей және топтық жарыстар енгізілген. Қатысушылар 25, 40, 80, 84 және ең ұзақ 90 шақырым қашықтықтарда өзара мықтыны анықтайды.
- Бұл жарыс – жас спортшылардың күш-жігерін шыңдап, шеберлігін арттыратын маңызды спорттық алаң. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты жасөспірімдер осы додада өз мүмкіндіктерін көрсетіп, тәжірибе алмасады. Осындай жарыстардың арқасында болашақта халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын желбірететін спортшылар өсіп шығады деп сенеміз, - дейді Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының жетекші сарапшысы Нұрберген Нұрлыхасымұлы.
Айта кетейік, дәстүрлі дода Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және «Қазақстан велосипед спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткізіліп жатыр.