16:22, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өскеменде «Нұр Отан» ХДП аймақтық форумы өтуде
ӨСКЕМЕН. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Өскеменде облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының қатысуымен «Нұр Отан» ХДП аймақтық форумы өтуде.
Онда партияның «Қазақстанның гүлденуі және қазақстандықтардың игілігі үшін: біз елдің әрбір азаматының өмірін қалай жақсартамыз» атты Халықтық тұғырнамасының орындалу барысы және әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында оны одан әрі жүзеге асыру шараларын жоспарлау мәселелері талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аймақтық форум жұмысына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Әділғазы Бергенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбилянов және партияның Үкіметтегі өкілі Владимир Дворецкий қатысуда.Атап айтқанда, форумда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы қазанның 13-інде ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде алға қойылған міндеттер әңгіме өзегі болып отыр. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Төлеген Ыбыраев атап өткендей, «жаңа жағдайдағы тағы бір маңызды міндеттің бірі халықпен тұрақты жұмыс жасау. «Нұр Отан» ХДП халық сенім артқан партия екенін көрсетуі тиіс. Партияның аймақтық филиалдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеру қажет. Олар «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасын іс жүзіне асыра отырып, жергілікті өкімет орындарының жұмысын жіті бақылап отыруы тиіс». Аймақтық партия форумының қатысушылары алдында облыс әкімі Әділғазы Бергенов сөз сөйледі, ол өткен жылдың қорытындыларына талдау жасап, алда тұрған басым міндеттерге назар аударды.