Өскеменде ойын бизнесіне «қамқорлық» етіп келген полицей ұсталды
ӨСКЕМЕН. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Қаржы полициясының қызметкерлері заңсыз кәсіпкерлікке «қамқорлық» көрсетіп, ойын бизнесінен табыс тауып келген Өскемен ІІБ-нің полиция қызметкерін ұстады.
Оған ҚР ҚК-нің 269-бабы, 3 бөлімі «Мемлекеттік функцияларды орындауға тиісті өкілетті тұлғаның қамқорлық жасаумен байланысты ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша айып тағылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облыстық қаржы полициясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, департаментке Өскемен қаласының орталығындағы Қазақстан көшесінде орналасқан тұрғын үйде ақшалай ұтыс беретін ойын автоматтарының залы орналастырылғандығы туралы жедел ақпарат келіп түсті.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде ақшалай ұстыстарды беру фактілері расталды. 21 мамыр күні ойын залы операторының ақшалай ұтысты беру фактісі тіркелді. Сол күні тексеру барысында ғимараттан 30 ойын автоматы алынды. Қылмыстық іс қозғалды, ойын бизнесіне өскемендік полиция қызметкері «қамқорлық» көрсетіп келгені анықталды. 29 мамыр күні ол қамауға алынды.
Жыл басынан бері қаржы полициясы заңсыз ойын бизнесі саласында 8 қылмысты анықтады, 134 ойын автоматы, 3 рулетка, сондай-ақ 687 мың теңге және 400 АҚШ доллар тәркіленді.