15:01, 13 Наурыз 2024 | GMT +5
Өскеменде өзенде мұз кептеліп, 20 саяжайдың ауласын су басты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы Аблакетка өзенде мұз кептеліп, саяжайлардың ауласын су басты.

13 наурызда қардың қарқынды еруі және Аблакетка өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 20 саяжайдың ауласы су астында қалды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта бұл саяжайларда ешкім тұрмайды. Үйлерге халық тек жазда келеді.
«Жергілікті атқарушы органдардың күшімен көпір астындағы өзен суын жіберу үшін мұзды ұсақтау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде су деңгейі 15-20 см-ге төмендеді», - делінген ақпаратта.
Құтқарушылар сол жерге келіп жетіп, жағдайға мониторинг жүргізіп жатыр.