Өскеменде өзендегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпір астындағы жол жабылды

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Өскемен қаласындағы Үлбі өзенінде су деңгейі көтерілді.

Өскеменде көпір астындағы жол құрылысы биыл аяқталмақ
Фото: yk-news.kz

Соның салдарынан Үлбі көпірінің астындағы кейбір учаскелерді су басқан. Осыған байланысты бұл аумақта көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай көктем мезгілінде қар еріп, су деңгейі көтерілген кезде жиі қайталанады.

— Үлбі өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпір астындағы жолдарды ішінара су басты. Қолайсыздықтың алдын алу мақсатында қозғалыс ертерек жабылады. Бұл жыл сайын қайталанатын тәжірибе. Су деңгейі тұрақталған бойда жолдар қайта ашылады, — деді «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының басшысы Марат Жаркеткенев.

Қауіпсіздік мақсатында коммуналдық қызметтер қозғалысты алдын ала шектеп отыр. Шектеу гидрологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін сақталады. Су деңгейі төмендеген соң жол қайта ашылады.

Қала тұрғындарына бағыттарын алдын ала жоспарлап, басқа жолдармен жүруге кеңес берілді.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда су тасқынының келесі кезеңі мамыр айының ортасы мен соңына қарай болжанып отырғаны хабарланған.