Өскеменде пара берген мәслихат депутатына 100 млн теңге айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында кәсіпкер әрі облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Сомовқа қатысты сот үкімі шықты. 

жемқорлық
Фото: Kazinform

Сот 100 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залынан босатылды.

Сот Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушыға лауазымды тұлғаға пара берді деген айып тағылған.

Тергеу мәліметінше, «Востоквзрывпром» ЖШС-нің басшысы қалалық құрылыс бөлімінің басшысына өзіне қарасты компаниялардың құрылыс нысандары бойынша орындалған жұмыс актілеріне жедел қол қойып, төлем жүргізу үшін 5 млн теңге пара берген.

— Қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау туралы процестік келісіммен түскен. Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық Кодексінің 367-бабы (пара беру) бойынша кінәлі деп танып, оған пара сомасының жиырма еселенген мөлшерінде, яғни 100 000 000 теңге айыппұл салды. Сондай-ақ оған өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға тыйым салынды, — деп хабарлады ШҚО сотының баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар сотталған азаматты III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінен айыру туралы ҚР Президентінің атына ұсыныс енгізілген. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменнің экс-әкімінің апелляциялық соты өтетін күн белгілі болғаны хабарланған