Өскеменде полицейге шабуыл жасап, оқ атқан екі ер адам ұсталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында патрульдік полиция қызметкеріне қарулы шабуыл жасау фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Оқиға Сағадат Нұрмағамбетов көшесіндегі тұрғын үй аулаларының бірінде болды. Патрульдік полиция қызметкеріне жүгінген жасөспірім аулада мас күйде жүрген екі ер адам туралы айтқан.
Тәртіп сақшысы құқық бұзушылармен бетпе-бет кездескен. Олар заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкеріне шабуыл жасаған.
Полицей оқ жарақатын алған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Күдіктілер оқиға орнынан бой тасалағанымен, олардың кім екендері қысқа уақыт ішінде анықталды.
– Бүгінде екі ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, атыс қаруы тәркіленді. Өскемен қалалық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында жыл басынан бері 2 000-нан астам жасөспірім полицияға жеткізілгені хабарланған.