Өскеменде полицейлер автобусқа жасырын камера қойып, патрульдей бастады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында тәртіп сақшылары жолдарды қызметтік емес көлікпен жасырын камера арқылы патрульдей бастаған болатын. Енді камера автобусқа да қойылды.

Бүгін әлеуметтік желіде өскемендік полицейлердің автобусқа жасырын камера қойып, жол ережесін бұзғандарды анықтай бастағаны жайлы видео тарап кетті.
Бұның ақ-қарасын қалалық Полиция басқармасының бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, полиция майоры Еркін Саттыбаевтан сұрап көрдік.
— Бұл рас ақпарат. Қазіргі уақытта жылдамдықты рұқсат етілген шектен асыру фактілерін анықтауға арналған бір жылжымалы жасырын патрульдік жүйе тестілік режимде автобусқа орнатылды. Ол қалалық маршрутта қатынайтын қоғамдық көлік, — деп жауап берді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде полицейлер қызметтік емес көлікпен жасырын камера арқылы патрульдеп жатқаны жайлы жазғанбыз.