Өскеменде шорт-тректен ҚР чемпионаты басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде шорт-тректен 9-13 аралығындағы жасөспірімдер және қыздар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өскеменде шорт-тректен ҚР чемпионаты басталды

Бұл сында сегіз команда сапындағы 140 спортшы өзара үздікті анықтауда.

Атап айтсақ, шығысқазақстандық шорт-трекшілерден бөлек, Астана, Алматы қалаларынан және Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келіп өз мүмкіндіктерін байқауда. Аталмыш спорттық іс-шара облыс орталығында осымен екінші мәрте өтіп отыр.

«Бұл сайыс Қазақстандағы шорт-трек спортын кеңінен насихаттап, алдағы ірі жарыстарда өңір намысын қорғайтын спортшыларды іріктеу мақсатымен өткізілуде», - деді сайыстың бас төрешісі Игорь Кутовой.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар бұл бәсекені жыл сайын облыс орталығында өткізуді жоспарлап отыр. Қатысушылар 500 м, 800 м, 222 м, 333 м және эстафеталық жарыс бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтамақ.

Шорт-тректен ел чемпионаты қорытындысында облыс құрамасы жасақталып, наурыздың 20 мен 24 аралығында Астанада өтетін ҚР чемпионатында өнер көрсетеді.