Өскеменде су құбырында апат болып, бірнеше көше сусыз қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында су құбырында апат салдарынан жүздеген тұрғын үй суық сусыз қалды.
Апат бүгін таңертең Беспалов көшесі маңында болды. Диаметрі 400 мм болатын су құбыры жарылған. Соның салдарынан Мирный кенті мен қаланың бірқатар көшесінде су жоқ. Атап айтқанда, Севастополь, Виноградов, Микоян, Карбышев көшелері мен Назарбаев даңғылының тұрғындары суық сусыз отыр.
Қазіргі уақытта апат болған жерде жөндеу бригадасы жұмыс істеп жатыр. Су беруді қалпына келтіру мерзімі әзірге белгісіз.
– Су құбырын қалпына келтіру жұмыстарына байланысты суық су беру уақытша тоқтатылды. Тұрғындарға су тасымалдау ұйымдастырылды. Өтінімдер тәулік бойы 53-16-61 және 8-705-206-79-16 телефон нөмірлері арқылы қабылданады, - деп хабарлады «Өскемен Водоканал» мекемесінен.
Еске салсақ, осыған дейін Теміртауда 40-қа жуық көпқабатты үй жылусыз қалғаны жайлы жазғанбыз.