Өскеменде суға батып кеткен екінші жігіттің денесі табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Өскеменде суға шомылуға жабдықталмаған жерде суға батқан адамды іздеу аяқталды, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
— 9 мамыр күні ШҚО ТЖД құтқарушылары 3 мамырда Үлбі өзенінің шомылуға арналмаған аумағында суға түсу кезінде батып кеткен 2003 жылы туған азаматтың денесін тапты. Жас жігіттің денесі оқиға орнынан екі шақырым қашықтықта, таяз суларда Степное ауылының ауданындағы Үлбі өзенінен анықталды, — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 3 мамырдан бастап ТЖД, еріктілер, полиция күштері мен құралдарын тарта отырып, күнделікті іздестіру жұмыстары жүргізілді. Су қоймасының жағалау сызығын зерттеу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылды.
ТЖМ су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады: ешқандай жағдайда өмірге қауіп төндіретін жабдықталмаған орындарда шомылмаңыз.
Бұған дейін хабарланғандай, 23 жастағы екі жігіт Согра шағын ауданындағы Үлбі өзеніне барып, суға түскен. Екеуі де суға батып кетті. Бір адамның мәйіті табылды. Ал екіншісінің денесін іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатқаны айтылды.