Өскеменде төрт тілде сабақ өткізілетін халықаралық «Нұр орда» мектебі ашылды
ӨСКЕМЕН. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Өскеменде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен 560 орынға арналған халықаралық «Нұр орда» мектебі ашылды.
Бұл 0 және 11 сынып аралығында қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде сабақ өткізілетін «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының жекеменшік, коммерциялық емес мектебі болып табылады. Бұл жерде оқушылар тіл және физика-математикалық бағыттарда білім алады. Қазақстандық және шетелдік мамандар жұмысқа конкурстық негізде қабылданады.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев оқушылар мен олардың ата-аналарын, мектептің жас ұжымын қарсы ала отырып, сабақтар алдында бұл «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының еліміздің аумағында соңғы жылдары ашып отырған 30-шы білім беру мекемесі екенін және де бүгін шығыс өңірінде «Нұр орда» мектебінің ашылып отырғанын атап өтті. Аймақ әкімі бұл жекеменшік мектептің оқушылары халықаралық стандарттарға сай білім алатынына үміт білдірді.
Мектеп сыныптары интерактивті тақталармен жабдықталған, оқушылар Ғаламторды еркін пайдалана алады. Мектепте оқу залдары мен зертханасы бар кітапхана орналасқан, сонымен қатар, ыңғайлы асхана мен буфет, медициналық пункт, екі спорт залы бар.
Мектеп құрылысының сметалық бағасы - 694,5 млн. теңге. Құрылысқа тапсырыс беруші «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры, ал бас мердігер «Фатих Констракшн» ЖШС (Алматы қаласы) болып табылады.