Өскеменде түрме күзетшісі оқ атып, тыйым салынған аумаққа өтпек болғандарды тоқтатты
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM - Өскемен қаласындағы түзету мекемесінде 6699 әскери бөлімінің сарбазы сотталғандардың тыйым салынған аумаққа заңсыз өтпек болған әрекетін дер кезінде байқап қалған.
Оқиға колонияға тыйым салынған заттар лақтырылғаннан кейін болған. Белгілі болғандай, түрме аумағына барлығы 9 түйіншек тасталған. Олардың бірі ішке түспей, қоршауға ілініп қалды.
Сол соңғы затты алу мақсатында төрт сотталған адам ішкі тыйым салынған аймаққа өтіп кеткен. ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, күзетші жағдайды дер кезінде байқап, нұсқаулыққа сәйкес әрекет етті.
- Әскери қызметші сөзбен ескертулер жасап, жағдай туралы бірден қарауыл бастығына хабар береді. Алайда сотталғандар оның талаптарына құлақ аспаған, - делінген ақпаратта.
Сотталғандардың бірі тыйым салынған аймаққа өтуді жалғастырған кезде әскери қызметші нұсқаулыққа сай шара қолданды.
- Ауаға ескерту оғы атылды. Тәртіп бұзушылық бірден тоқтатылып, жағдай қалыпқа келді. Қазіргі уақытта сотталғандар қатаң жағдайға ауыстырылған, - делінген хабарламада.
Қолбасшылықтың дерегінше, әскери қызметшінің шұғыл әрі дұрыс әрекеті ары қарайғы заңбұзушылықтың алдын алып, түрме қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада 200-ден аса сарбаз Отанға адал болуға ант бергені хабарланған.