Өскеменде жанармай станциясын тонамақ болған ер адам 3 жылға сотталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы жанармай құю бекетіне бензинді арамен қарақшылық шабуыл жасаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты.

сот
Фото: Мұхтор Холдорбеков / Kazinform

Қалалық №2 сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы 1-бөлігімен (Қарақшылық) іс қаралды. Белгілі болғандай, айыпталушы қылмыстық әрекетін алдын ала жоспарлап алған.

«2024 жылдың шілде айында ол бензинді ара мен киім сатып алып, оны жалға алған пәтеріне тығып қойған. Содан соң 19 шілде күні Үлбі жағасына таксимен жетіп, киімін ауыстырады. Абай-Шәкәрім даңғылдарының қиылысындағы жанармай құю бекетіне жаяу барып, ондағы клиенттердің кетіп қалғанын тосып тұрған», - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Сәті келгенде бетіне маска тағып, ішкі кіреді. Сол кезде ғимаратта кассир мен күзетші отырған. Бензинді араны қосқан қарақшы ақша талап еткен. Күзетші оған қарай сусындар құйылған банкаларды лақтыра жөнеледі. Соның бірі оталып тұрған бензинді араға түсіп, ол сынып қалғаннан кейін сотталушы қаша кеткен.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, қатты өкінетінін айтты. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ер адам өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырғандардан 40 млн теңге сыйақы алған ХҚО қызметкерлері сотталғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар