Өскеменде жаралыстан зардап шеккен кәсіпорын жұмысшыларының қазіргі жағдайы қалай
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында жаралыстан зардап шеккен «Казцинк» ЖШС жұмысшыларының қазіргі жағдайы белгілі болды.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, жарылыс салдарынан екі адам қаза болып, тағы бес жұмысшы түрлі дәрежедегі жарақат алған.
— Бүгін сағат 8:30–да жедел жәрдем қызметкерлеріне зардап шеккен бірнеше адамды ауруханаға алып келе жатқаны туралы хабар түсті. Біз бірден медициналық бригаданы жасақтадық. Сағат 8:45–тен бастап науқастар түсе бастады. Барлығы 5 адам жеткізілді. Оның ішінде төртеуі ер адам, біреуі әйел, — дейді облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мұрат Нұрбикенов.
Үш адам жеңіл деңгейдегі дене жарақатын алған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне жіберілді.
— Екі адам ауруханаға жатқызылды. 1980 жылы туған ер адам жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр. Оның денесінің 90 пайыздан астамын күйік шалған, тыныс алу жолдары зақымданған. Ал 1974 жылғы тағы бір ер адамға омыртқаның бел бөлігінің компрессиялық сынуы диагнозы қойылды, — дейді М.Нұрбикенов.
Еске салсақ, осыған дейін «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылысқа байланысты жедел желі іске қосылғаны хабарланған.