Өскеменде жел соқпай, көшелерді түтін тұмшалағанына 5 күн болады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан күндер тағы да созылып барады.

Өскеменде жел соқпай, көшелерді түтін тұмшалағанына 5 күн болады
Фото: Қала тұрғындарынан

Қалада тұрғындарға көшеде көп жүрмей, үйде отыруға, терезелерді ашпауға кеңес берілуде. Себебі қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып тұр. Ол дегеніміз, жел соқпай, зауыттардан шыққан газ қала көшелерінде шоғырланады.

Жел 27 наурыздан бері соқпай келеді. Бүгін де көшелерді түтін тұмшалап тұр. Ертең де жағдайдың өзгермейтіндігі белгілі болды.

— 30 наурыз сағат 20.00-ден бастап 31 наурыз сағат 20.00-ге дейін Өскеменде екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталады, — делінген «Қазгидромет» РМК таратқан ақпаратта.

Демек, ертең қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқанына 5 күн болады. Бұған дейін желсіз күндер ақпан айында жарты айға жуық уақытқа созылған болатын.

Еске салсақ, Өскеменді түтін басып тұрғанына ертең үш күн болғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар