Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өскемендегі хоккейші өлімі: кассациялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубының 19 жастағы ойыншысы Иван Пылёноктың қазасына қатысты іс бойынша түпкілікті шешім шығарды.

суд судебне исполнители
Фото: pexels

Жоғарғы сот сатысы апелляциялық соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының да, жәбірленушілердің де кассациялық шағымдарын қанағаттандырмады.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 2 тамызда Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында болған. Спортшы мен Андрей Лагунов арасындағы жанжал тұрмыстық сипаттағы мүліктік даудан туындаған. Лагунов құны 7 900 теңге болатын желдеткішті қайтаруды немесе оның құнын өтеуді талап еткен. Жанжал кезінде ол хоккейшінің мойнынан бірнеше рет қылқындыра ұстаған. Қысым әлсірегеннен кейін Иван Пылёнок есінен танып, жерге құлаған.

Әуелі Андрей Лагунов сот шешімімен кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған «Амнистия туралы» заңға сәйкес жазасын өтеуден босатылды.

Алайда апелляциялық сот жазаны қатаңдатып, оны 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырды. Кейін амнистия туралы заңның қолданылуына байланысты жаза мерзімі 3 жылға дейін қысқартылды. Сонымен қатар сот азаматтан қаза болған хоккейшінің ата-анасының әрқайсысының пайдасына 10 млн теңгеден моральдық өтемақы және 1 млн теңгеден сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарды.

Кассациялық шағымда қорғау тарапы сотталған азаматты толық ақтауды сұрады. Адвокаттар Лагунов жәбірленушінің өлімін алдын ала болжай алмағанын, ал өлімге әкелген жарақаттар құлаған кезде болуы мүмкін екенін алға тартты. Ал жәбірленуші тараптың өкілдері керісінше жаза мерзімін 7 жылға дейін ұлғайтуды талап етті.

Алайда сот екі тараптың да уәждерімен келіспеді.

– Сотталған азаматтың кінәсі куәлардың айғақтары, бейнебақылау камераларының жазбалары және сот-медициналық сараптамалардың қорытындылары сияқты зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, өлімге мойынның рефлексогендік аймағындағы жабық доғал жарақат салдарынан жүректің рефлекторлық тоқтауы себеп болған. Мұндай жарақат адамның өз бойының биіктігінен құлаған кезде болуы мүмкін емес, – делінген кассациялық сот қаулысында.

Осылайша, кассациялық сот апелляциялық соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сотталған азаматты ақтауды талап еткен қорғау тарапының да, жазаны қатаңдатуды сұраған жәбірленушілер өкілдерінің де шағымдары қанағаттандырылған жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін Оралда тест нәтижелерін бұрмалау арқылы заңсыз табыс тапқандар сотталғаны хабарланған.