Өскемендегі ықшамаудан халқы мектеп салынуын сарыла күтіп жүр

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Өскемендегі Арматурный ықшамауданының тұрғындары балаларын қаланың басқа шетіндегі мектептерге тасуға мәжбүр болып жүргендіктерін айтты. Сондықтан олар өз ауданында білім ордасының бой көтергенін қалайды.

а
Фото: Арматурный ықшамауданы тұрғындарынан

Халық саны көбейіп келеді

Бүгінде Арматурный ықшам ауданында мектеп жасындағы 268 бала бар. Олар қаланың әр түкпіріне барып оқиды. Сондықтан ата-аналар ықшам ауданның өзінде мектеп салынғанын сарыла күтіп жүр. 

— Тым құрығанда спорт залы бар бастауыш сынып бой көтерсе дейміз. Әйтпесе таңмен таласа тұрып, қаланың басқа бұрышындағы мектепке барып, кейін оны алып кету үшін қайта жол жүру — оңай шаруа емес. Бір жағынан ықшам аудан халқы біртіндеп көбейіп те келеді. Жас отбасылар да бар, — дейді тұрғындар. 

Қалалық білім бөлімінің басшысы Думанғазы Арынғазин мұндай қиындықтар барын жасырмады.

— Біз бұл мәселеден хабардармыз. Жалпы, мектеп салынуын бәрі күтіп жүр. Ендігі сұрақ сол, қанша орынға арналған мектеп болуы тиіс? Ақсақалдар бастауыш мектеп салынса жетеді дейді. Жалпы мұндағы туу көрсеткіші де қуантып отыр. Әсіресе, 2019 жылдан бері күрт өсті. Осыны ескерсек, бұл жаққа 300 орындық мектеп керек, — деді білім бөлімінің басшысы Думанғазы Арынғазин.

а
Фото: Арматурный ықшамауданы тұрғындарынан

Қала әкімі не дейді?

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, бәрі жобалау мен қаржыландыруға келіп тіреледі. 

— «Келешек мектептері» жобасы аясында Бабкина мельница ауданындағы 300 орындық мектеп құрылысына 5 млрд теңгедей жұмсалған болатын. Бұл қомақты сома, алайда біз жұмыс істеуге дайынбыз. Шағын аудандарға жарайтын типтік мектептер де бар. Бірақ ол 100-150 орынға шақталған. Есесіне, шығыны аз: 500 млн теңгеден 1 млрд-қа дейін. Осы жағын ойластырып, нақты шешім қабылдаймыз, — деді әкім.

Еске салсақ, осыған дейін Республика күні қарсаңында еліміздің 8 өңірінде мектеп ашылғаны хабарланған.  

а
Фото: Арматурный ықшамауданы тұрғындарынан

 

Соңғы жаңалықтар