Өскемендегі «Көгілдір көлдер» жағажайы жаз маусымына дейін ашылмауы мүмкін

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласындағы ең танымал демалыс орындарының бірі — Сол жағалау саябағында орналасқан «Көгілдір көлдер» жағажайы әзірге жабық тұр.

Қонаев
Фото: Pixabay.com

Шомылу маусымы басталар алдында су сапасы мен демалыс аймағының санитарлық жағдайы тексеріліп жатыр. ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов облыс әкімдігінде өткен жиында жағажайды ашу туралы түпкілікті шешім мамыр айының соңына дейін қосымша сараптама қорытындысынан кейін қабылданатынын айтты.

— Өткен жылдан бері «Көгілдір көлдер» жағажайы санитарлық-эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты жабық тұр. Қазір су сапасына қосымша зерттеу жүргізілуде. Соның нәтижесіне қарай жағажайды осы маусымда пайдалануға беру мүмкіндігі туралы шешім қабылданады, — деді ол.

Қазір Өскеменде ресми түрде жұмыс істеп тұрған екі жағажай бар. Олар Ертіс жағасындағы «Самал» саябағындағы жағажай мен «Котлован» демалыс орны.

— «Самал» жағажайын ауқымды жаңғырту жоспарланып отыр. Саябақты реконструкциялау аясында аумақты абаттандыруға шамамен 500 млн теңге бөлінеді. Жоба аясында өзен ағысын бәсеңдету жұмыстары қарастырылған. Бұл демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет, — дейді басқарма басшысы.

Еске салсақ, осыған дейін Қызылорда облысында шомылуға рұқсат етілген орындар белгілі болғаны хабарланған.