Өскемендегі орталық субұрқақ уәде етілгендей мамырда емес жаздың соңында қосылмақ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемендегі Республика алаңында орналасқан қаланың басты субұрқағы биыл әдеттегідей мамыр айында емес, тек тамыз айында іске қосылмақ. Жаздың аптап ыстығының екі айы өткеннен кейін ғана оны күтіп-ұстаумен айналысатын мердігер мекеме анықталды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, мамандар дайындық жұмыстарын бастап кеткен.
– Мердігер ұйым анықталды. Қазіргі уақытта субұрқаққа техникалық қызмет көрсету, жабдықтарды тазалау және оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң субұрқақ электр желісіне қосылады, – делінген ақпаратта.
Әдетте Өскеменде субұрқақтар маусымы мамыр айында ашылады. Алайда биыл жаз бойы күннің ыстық болғанына қарамастан, субұрқақтар іске қосылған жоқ. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, тұрғындардың да наразылығын тудырған болатын.
ТҮКШ бөлімі мамандарының түсіндіруінше, кешігуге қалалық субұрқақтарға қызмет көрсететін мердігер ұйымның уақытылы анықталмауы себеп болды.
Бүгінде облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы Республика алаңында орналасқан орталық субұрқақ қана іске қосуға дайындалып жатыр. Ал қаладағы өзге субұрқақтардың қашан жұмысын бастайтыны әзірге нақтыланбады.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде субұрқақтарды жөндеу жұмысы ұзаққа созылып кеткені хабарланған.