Өскемендегі «Азия авто» зауытында өткен 6 айда 1 мың жеңіл автокөлік құрастырылды
АЛМАТЫ. Шілденің 22-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Өткен 6 айда Өскемендегі «Азия авто» автоқұрастыру зауытынан 1 000 жеңіл автокөлік құрастырылып, шығарылды. Бұл туралы бүгін «Азия авто» АҚ жариялаған жарты жылдық қорытынды есепте айтылды.
Есепте көрсетілгендей, құрастырылған 1000 автокөліктің 864-і сатылған. Бұнымен зауыттың Қазақстандық жеңіл автокөлік нарығындағы үлесі қаңтар айындағы 6,88 пайыздан, 19,02 пайызға өскен. Зауыт өкілдері көрсеткіштердің артуына көлік үлгілерінің көбейіп, бағаның төмендеуі әсер етіп отыр дейді.
Естеріңізге сала кетейік, отандық өндіруші былтырғы жылдың желтоқсан айында баға саясатын өзгертетіні туралы жариялаған болатын. Сондай-ақ алғашқы тоқсанда Chevrolet-тің Chevrolet Cruze, Chevrolet Aveo үлгілері мен KIA-ның C-сыныпты KIA Cerato, KIA Sorento және KIA Mohave сынды маркаларын құрастыра бастаған еді. Зауыт таратқан жартыжылдық қорытынды есепте көрсетілгендей, бұлардың енгізілуімен Chevrolet маркалы көліктер 104, 9 пайызға, KIA көліктерінің сатылымы 417,6 пайызға өскен.
«Сұраныстың өсуімен зауыт жетікүндік жұмыс кестесіне көшті. Сондай-ақ алдағы уақытта KIA-ның модельдік нұсқалары жетіге дейін жеткізіледі. Skoda Yeti кроссовері мен Skoda Fabia көліктерінің сериялық нұсқалары шығарылады» делінген зауыттың қорытынды есебінде.
Бұнымен қатар былтырғы жылы индустриаландыру картасы бағдарламасы аясында «Азия авто» АҚ-ы толықциклды автозауыт құрылысын бастаған болатын. Бұл зауыт іске қосылса, жылына 120 мың көлік құрастырылып, 12 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылады. Жарты жылдық қорытындыда айтылғандай, зауыт құрылысы қарқынды жүргізілуде. Көрсетілген мерзімде аяқталмақ. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі кезде зауытта 13 түрлі көлік құрастырылады.