Өскемендік әйел алаяқтарға ақша аударайын деп жатқан 79-дағы әжені тоқтатты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласының тұрғыны зейнеткерді алаяқтардан құтқарып, оның 3 млн теңгеден астам қаражатын сақтап қалды.
Оқиға қаланың сауда орталықтарының бірінде болған. Анара Добровольская жұмыстан қайтар жолда дүкенге кіріп, төлем терминалының жанындағы қарт әйелді көреді.
Көзіне жас алып, қатты қобалжып тұрған зейнеткердің аяғының астында ақша шашылып жатқан. Ол қолында қомақты соманы ұстап, телефонмен сөйлесіп тұрды.
— Әйел қарт кісіден бәрі дұрыс па деп сұрайды. Белгілі болғандай, зейнеткер «немересіне» ірі мөлшерде ақша аударып жатқан екен. Әженің әрекеті мен телефондағы әңгімесі үлкен күмән тудырған. Сол сәтте Анара тұтқаны алып, бірнеше сұрақ қояды. Ер адам өзін Кирилл есімді немересімін деп таныстырғанымен, зейнеткер немересінің есімі Александр екенін айтқан. Бұл қайшылық желінің ар жағында алаяқтар тұрғанын растаған, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Байланыс үзіліп қалғандай кейіп танытқан Анара қарияны терминалдан алыстатып, полиция шақыртқан. Кейінірек ол қаскөйлердің зейнеткерге психологиялық тұрғыдан қатты әсер еткені соншалық, полиция қызметкерлерін көргенде әжей үрейленіп кетті. Себебі оған бұл әңгіме туралы ешкімге тіс жармау қатаң ескертілген екен.
— Кейін зейнеткер полицейлерге қоңырау шалған адам өзін ҰҚК қызметкерімін деп таныстырып, шоттағы қаражатты ұрлау әрекеті жасалғанын хабарлағанын айтып берген. Ол әжені жинақтарын тез арада шешіп алып, «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген, — делінген ақпаратта.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы Анара Добровольскаяға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында интернет-алаяқтарға ұрынғандар 1,6 млрд теңгесінен айырылғаны хабарланған.