Өскеменге алматылық трамвайлардың алғашқы легі жеткізілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бүгін Өскеменге Алматыдан сатып алынған трамвайлардың 5 вагоны жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменге алматылық трамвайлардың алғашқы легі жеткізілді

Өскемендегі трамвайлар паркі қарызға белшесінен батып, мүлкі сатылымға шығарылған болатын.

Солайша, трамвай паркі жекеменшіктен «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының баллансына алынған еді.

Парктің жаңа қожайыны ескі вагондардың бәрін тоқтатып, орнына Алматыдан қолданыста болған вагондарды әкелу туралы шешім қабылдаған. Сол вагондардың алғашқы легі бүгін Өскеменге жетті.

«Вагон тиеген көліктер екі ортаға 4 күн жүрді. Әр вагонның салмағы 20 тонна. Тағы 8 вагон келуі тиіс» - дейді әкімдік өкілдері.

Айта кетейік, «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы -мемлекеттік бизнес-активтерді басын бір орталыққа біріктірген ұйым. Құрылтайшысы - Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі, сәйкесінше корпорацияның Директорлар кеңесінің төрағасы облыс әкімі Даниал Ахметов.