Өскеменнің орталығында дүкенге қарақшылық шабуыл жасалды
ӨСКЕМЕН. 12 наурыз. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Өскеменде Гоголь көшесіндегі дүкендердің біріне жасалған шабуыл фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.
Бетперде киген белгісіз екеу гастрономға басып кірген және сатушыны тапаншамен қорқытып, кассадағы 15 мың теңге ақшаны және 11 мың теңгенің «Билайн» карточкаларын алып кеткен, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінен.
Қылмыскерлер сондай-ақ сатушы әйелдің де ұялы телефонын тартып алған. Полицейлер бір тәулікке жеткізбей қарақшылардың біреуін қолға түсірді. Ол жақында түрмеден шыққан 21 жастағы жігіт болып шыққан. Көп ұзамай екінші қылмыскер де ұсталды, ол - Өскемендегі кәсіптік-техникалық училищенің оқушысы. Одан екі бетперде, пневматикалық тапанша тәркіленді. Тергеу барысында анықталғандай, ұрлаған ақшаның біразын олар дәмханада жұмсаған, «операцияның сәтті өткенін жуған». Қалған ақшаны теңдей бөліп алған, әрқайсысына - 5400 теңгеден тиген. Ал сатушының ұялы телефонын олар келесі күні базарға апарып 2200 теңгеге сатып жіберген.
Полицияның айтуынша, дүкенде дабыл нүктесі орнатылғанымен, онда не бейнебақылау, не күзетші болмаған. Дүкен үлкен, бірақ онда бір ғана сатушы-әйел қызмет көрсеткен.