Өскеменнің сол жағалауындағы үйлер қайта-қайта жарықсыз қалып отыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының сол жағалау бөлігінде тұратын халық жарықтың тым жиі өшетіндігіне шағымданып келеді.

Қаланың сол жағалау бөлігіндегі тұрғын үйлердің халқы жарықтың тым жиі, әсіресе кешкі уақытта өшетіндігіне шағымданып келеді.
«Кешке жұмыстан шығып үйге келгенде тамақ пісіре алмай қаламыз. Дүкенге барып жейтін бірдеңе алып, қараңғыда телефонның шамымен отырамыз. Кейде кешке өшкен жарық таңға жуық бір-ақ қосылады. Өте ыңғайсыз. Бұл мәселе тезірек шешімін тапса дейміз», - дейді Жібек жолы көшесіндегі көпқабатты үйде тұратын Қымбат Мухамадиева.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қаланың сол жағалау бөлігіндегі жарықтың жиі өшуі бірнеше факторға байланысты болып отыр.
«Негізгі мәселелердің бірі – трансформаторлық қосалқы станцияларда ажыратқыштардың жоқтығы. Осының салдарынан тұрғын үйлер ұзақ уақыт электр жарығынсыз қалып отырады. Ажыратқыштарды ұрлау фактілері де тіркелді. Егер бір қосалқы станцияда ажыратқыш болмаса көшелердің көп бөлігі жарықсыз қалады. Мәселен, бау-бақша қоғамдастығында қысқа тұйықталу болды делік. Трансформаторда ажыратқыш жоқ болғандықтан ол бүкіл желіні өшіреді», - деп түсіндірді басқарма басшысы Нұрлан Рамазанов.
Мәселені шешу үшін жоба әзірленген. Биыл кабельдік желілердің 23 учаскесі мен үш таратушы қосалқы станцияны жөндеуге 466 млн теңге бөлінді.
Келесі жылы бұл сома 550 миллион теңге болып, 86 ажыратқыш пен 50-ге жуық кабельдік желілер ауыстырылмақ.