Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Остеопат дәрігер белгілеген емдеу шарасын алмастыра ала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Остеопатқа жүгінгісі келген адам маманның медициналық білімі мен клиникалық практикаға құқығына назар аударуы керек. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform сауалына берген жауабында маман таңдағанда нені тексеру қажеттігін түсіндірді.

о
Фото: Kazinform / ЖИ

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділханның айтуынша, остеопат қызметі дәрігер кеңесі мен тағайындалған емді алмастырмауы тиіс.

– Маман таңдағанда оның медициналық біліміне, қолданыстағы сертификатына, клиникалық практикаға құқығына және қолданатын әдістеріне назар аударған жөн. Сондай-ақ қызмет көрсетілетін ұйымның лицензиясын тексеруге болады. Мемлекеттік лицензиялар туралы ақпарат E-license деректер базасында ашық қолжетімді, - деді ол.

Сондай-ақ спикер тиісті медициналық мамандығы жоқ адамға жүгіну ауруды дер кезінде анықтауға кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті.

– Тиісті медициналық мамандығы мен клиникалық практикаға құқығы жоқ тұлғаға жүгінгенде ауруды уақтылы анықтамау және емді кеш бастау тәуекелі бар. Оның алдын алу үшін шағымдар болған жағдайда тиісті профильді дәрігерге уақтылы жүгіну, лицензиясы бар медициналық ұйымдарда тексеруден өту ұсынылады, – деді ол.

Сондықтан министрлік дәлелді базасы жоқ әдістерге жүгінгеннің өзінде дәрігер тағайындаған емді тоқтатпауға немесе кейінге қалдырмауға кеңес береді.

Бұған дейін комитет Қазақстанда остеопатия медициналық қызмет болып саналмайтынын хабарлаған. Осыған байланысты остеопатия бойынша мамандарды сертификаттау және бұл қызметті лицензиялау жүргізілмейді.

Остеопатия медициналық мамандықтар жүйесіне де кірмейді. Министрлікте оның тиімділігі мен қауіпсіздігін растайтын мемлекеттік бағалау жүргізілгені туралы мәлімет жоқ. Сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру жүйесінде остеопатия бойынша біліктілікті арттыру бағдарламалары қарастырылмаған.