Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Остеопатия: емдеу әдісінің тиімділігі мен қызметіне қойылатын талаптар

АСТАНА. KAZINFORM - Соңғы жылдары остеопат қызметіне жүгінетіндер көбейіп келеді. Әсіресе ата-аналар баланың гипертонусы, бас сүйегінің пішіні, сөйлеу дамуының кешеуілдеуі сияқты мәселелерге байланысты мұндай мамандардың көмегіне жүгінеді. Алайда Қазақстанда остеопатия медициналық қызмет ретінде таныла ма, оның тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденген бе және маман таңдағанда нені ескеру қажет? Kazinform тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

о
Фото: Kazinform / ЖИ

Остеопаттардың қызметі қалай реттеледі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділханның мәліметінше, Қазақстанда медициналық қызметпен тек кәсіптік медициналық білімі бар тұлғалар айналыса алады. Ал дәстүрлі медицина саласында қызмет көрсету үшін маманның медициналық білімі, клиникалық практикаға жіберуге арналған тиісті сертификаты және медициналық қызметке лицензиясы болуы қажет.

– Дәстүрлі медицина саласындағы қызмет лицензияланады. Оған гомеопатия, гирудотерапия, мануалды терапия, рефлексотерапия, фитотерапия және табиғи текті құралдармен емдеу бағыттары кіреді. Бұл қызмет ересектер мен балаларға амбулаториялық, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек аясында көрсетілуі мүмкін, -деді ол.

Спикердің мәліметінше, осы бағыттарда жұмыс істейтін медицина қызметкерінің «Дәстүрлі терапия» және «Дәстүрлі медицина» мамандығы бойынша клиникалық практикаға жіберуге арналған сертификаты болуы тиіс. «Дәстүрлі терапия» мамандығына рефлексотерапия, мануалды терапия, су-джок терапиясы, гомеопатия, гирудотерапия және фитотерапия кіреді.

Ал остеопатияға қатысты талап өзгеше.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділхан
Фото: Gov.kz

– Остеопатия медициналық қызмет болып саналмайды, осыған байланысты және жоғарыда айтылғандардың негізінде мамандарды сертификаттау және бұл қызметті лицензиялау жүзеге асырылмайды, – деді Жандос Әділхан.

Комитет халық емшілерінің қызметіне қатысты да түсініктеме берді. Медициналық білімі жоқ халық емшілерінің қызметі де лицензияланбайды және оларды клиникалық практикаға жіберу үшін сертификаттау жүргізілмейді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті өз құзыреті аясында тек медицина қызметкерлерінің қызметін бақылайды.

– Сонымен қатар тиісті маман сертификатынсыз медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынады. Сертификаты немесе лицензиясы жоқ адамның заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 424-бабына сәйкес, мұндай жағдайда жеке тұлғаларға – 5 АЕК, лауазымды тұлғаларға – 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 70 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Бұдан бөлек, спикер Денсаулық сақтау кодексінің 132-бабына сәйкес екі және одан да көп адамды тарта отырып, оның ішінде масс-медианы пайдалану арқылы емшілік сеанстарын өткізуге тыйым салынатынын да еске салып өтті.

Остеопат дәрігер белгілеген емдеу шарасын алмастыра ала ма

Остеопатқа жүгінгісі келген адам маманның медициналық білімі мен клиникалық практикаға құқығына назар аударуы керек. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділханның айтуынша, остеопат қызметі дәрігер кеңесі мен тағайындалған емді алмастырмауы тиіс екенін айтты.

– Маман таңдағанда оның медициналық біліміне, қолданыстағы сертификатына, клиникалық практикаға құқығына және қолданатын әдістеріне назар аударған жөн. Сондай-ақ қызмет көрсетілетін ұйымның лицензиясын тексеруге болады. Мемлекеттік лицензиялар туралы ақпарат E-license деректер базасында ашық қолжетімді, - деді ол.

Сондай-ақ спикер тиісті медициналық мамандығы жоқ адамға жүгіну ауруды дер кезінде анықтауға кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті.

– Тиісті медициналық мамандығы мен клиникалық практикаға құқығы жоқ тұлғаға жүгінгенде ауруды уақтылы анықтамау және емді кеш бастау тәуекелі бар. Оның алдын алу үшін шағымдар болған жағдайда тиісті профильді дәрігерге уақтылы жүгіну, лицензиясы бар медициналық ұйымдарда тексеруден өту ұсынылады, – деді ол.

Сондықтан министрлік дәлелді базасы жоқ әдістерге жүгінгеннің өзінде дәрігер тағайындаған емді тоқтатпауға немесе кейінге қалдырмауға кеңес береді.

балалар остеопаты
Фото: Kazinform / ЖИ

Остеопатия гипертонус, бала тілінің кеш шығуы кезінде көмектесе ме

Қазір көптеген ата-ана баланың бұлшықет тонусының бұзылуы, тілінің кеш шығуы немесе бас сүйегінің пішініне қатысты мәселелер туындағанда остеопат көмегіне жүгінеді. Әлеуметтік желілерде де мұндай мамандардың сәбидің гипертонусын, плагиоцефалияны, сөйлеу дамуының кешеуілдеуін, тіпті босану жарақатының салдарын емдеуге көмектесетіні туралы жарнама аз емес.

Алайда остеопатияның мұндай жағдайларды емдеудегі тиімділігі қаншалықты дәлелденген? Комитет төрағасының орынбасары Жандос Әділханның мәліметінше, ресми медицинада мұндай жағдайлар ғылыми негізделген емдеу әдісі ретінде танылмайды.

– Министрлік остеопатиялық қызметтің нәрестелер мен балалардағы гипертонус, плагиоцефалия, сөйлеу дамуының кешеуілдеуі, босану жарақатының салдары сияқты жағдайларды емдеудегі тиімділігін ғылыми дәлелденген медициналық әдіс ретінде мойындамайды. Сондай-ақ оны қауіпсіздігі дәлелденген дербес медициналық әдіс деп есептемейді. Балаларға медициналық көмек көрсету кезінде дәлелді медицина принциптеріне негізделген клиникалық хаттамалар мен ұсынымдар қолданылады, - деді Жандос Әділхан.

Сонымен қоса ол Қазақстанда остеопатияның тиімділігі мен қауіпсіздігіне мемлекеттік бағалау жүргізілген-жүргізілмегенін де түсіндіріп өтті.

– Остеопатия медициналық мамандықтар жүйесіне кірмейтіндіктен, министрлікте оның тиімділігі мен қауіпсіздігін растайтын мемлекеттік бағалау жүргізілгені туралы мәлімет жоқ. Бұдан бөлек, жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру жүйесінде остеопатия бойынша біліктілікті арттыру бағдарламалары қарастырылмаған, - деді спикер.

Остеопаттардың желідегі жарнамасы қалай бақыланады

Әлеуметтік желіде түрлі ауруларды емдеуді, сондай-ақ баланың денсаулығы мен дамуын жақсартуды ұсынатын остеопаттардың жарнамасынан көз сүрінеді. Мұндай жарнамалар қаншалықты бақыланады? ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділханның мәліметінше, интернетте заңмен тыйым салынған ақпарат анықталса, оны жою бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл тәртіп интернет-ресурстарға ғана емес, шетелдік онлайн-платформалар мен мессенджерлерге де қатысты.

остеопатия
Фото: Kazinform / ЖИ

– Атап айтқанда, заңға қайшы ақпарат анықталған жағдайда үш жұмыс күні ішінде онлайн-платформа немесе мессенджер әкімшілігіне оны жою туралы хабарлама жіберіледі. Мәселен, 2025 жылы интернет-ресурстарға, блогерлерге және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне ақпаратты жою қажеттілігі туралы 20-дан астам ақпараттық хат жіберілді. 2026 жылы 142 интернет-ресурсқа қолжетімділікті шектеу жөнінде мәлімет жолданды, - деді Жандос Әділхан.

Бұл ретте комитет жауабында аталған хаттар мен 142 интернет-ресурстың қаншасы остеопаттардың жарнамасына қатысты екені нақтыланбаған.

Остеопатиялық қызметке қатысты шағымдар мен пациент денсаулығына зиян келтіру жағдайлары бойынша да жеке есеп жүргізілмейді. Сондықтан соңғы бес жылда мұндай қызметке қатысты қанша шағым түскені немесе асқыну фактілері болғаны жөнінде бөлек дерек жоқ.

– Ал жалпы медициналық қызметтер бойынша 2021–2025 жылдары 4 197 әкімшілік хаттама толтырылды. Сертификатсыз немесе лицензиясыз заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 424-бабы бойынша айыппұл қарастырылған, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол азаматтардың өтініштері Комитет пен оның аумақтық департаменттерінің емшілер мен дәстүрлі медицина мамандарының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізуіне негіз бола алатынын атап өтті. Оның сөзінше, емшілік әдістерін қолдану кезінде адам денсаулығына зиян келтірілсе, қызмет көрсеткен тұлға Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.