Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Остеопаттардың желідегі жарнамасына бақылау бар ма – министрлік түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде түрлі ауруларды емдеуді, сондай-ақ баланың денсаулығы мен дамуын жақсартуды ұсынатын остеопаттардың жарнамасынан көз сүрінеді. Мұндай жарнамалар қаншалықты бақыланады? Бұл туралы Kazinform сауалына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділхан жауап берді.

о
Фото: Kazinform / ЖИ

Комитеттің мәліметінше, интернетте заңмен тыйым салынған ақпарат анықталса, оны жою бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл тәртіп интернет-ресурстарға ғана емес, шетелдік онлайн-платформалар мен мессенджерлерге де қатысты.

– Атап айтқанда, заңға қайшы ақпарат анықталған жағдайда үш жұмыс күні ішінде онлайн-платформа немесе мессенджер әкімшілігіне оны жою туралы хабарлама жіберіледі. Мәселен, 2025 жылы интернет-ресурстарға, блогерлерге және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне ақпаратты жою қажеттілігі туралы 20-дан астам ақпараттық хат жіберілді. 2026 жылы 142 интернет-ресурсқа қолжетімділікті шектеу жөнінде мәлімет жолданды, - деді Жандос Әділхан.

Бұл ретте комитет жауабында аталған хаттар мен 142 интернет-ресурстың қаншасы остеопаттардың жарнамасына қатысты екені нақтыланбаған.

Остеопатиялық қызметке қатысты шағымдар мен пациент денсаулығына зиян келтіру жағдайлары бойынша да жеке есеп жүргізілмейді. Сондықтан соңғы бес жылда мұндай қызметке қатысты қанша шағым түскені немесе асқыну фактілері болғаны жөнінде бөлек дерек жоқ.

– Ал жалпы медициналық қызметтер бойынша 2021–2025 жылдары 4 197 әкімшілік хаттама толтырылды. Сертификатсыз немесе лицензиясыз заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 424-бабы бойынша айыппұл қарастырылған, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі остеопатияны балалардағы гипертонус, сөйлеу дамуының кешеуілдеуі мен босану жарақаттарының салдарын емдеуде тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген дербес медициналық әдіс ретінде қарастырмайтынын хабарлаған. Балаларға медициналық көмек көрсету кезінде дәлелді медицинаға негізделген клиникалық хаттамалар мен ұсынымдар қолданылады.