17:39, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Осы айда «Нұр Отан» партиясының фракциясы отырысында қаржы дағдарысына қарсы іс-шаралардың жүзеге асырылуы туралы Үкіметтің есебі тыңдалады
АСТАНА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов Палатаның жалпы отырысынан кейін Парламентте тіркелген журналистердің сұрақтарына жауап берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Палата жетекшісі 2008 жыл оқиғаларға толы, жедел қарқынмен өткенін, Тәуелсіздік және Республика күндеріне орай өткен жиналыстарда ел Президенті Парламенттің заң шығару қызметіне жоғары баға бергенін айтып өтті. «Тұтастай алғанда, Парламент, біздің Палата және «Нұр Отан» партиясының фракциясы біріге отырып үлкен жұмыстар атқарды. Әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлемдік қаржы дағдарысының алдын алуға, экономикамызды дамытуға, қаржы және банк жүйесін жетілдіруге, үлескерлердің мәселелерін шешуге бағытталған заңдар қабылданды. Көптеген әлемдік сарапшылар 2009 жыл да әлемдік экономика үшін күрделі болатыны жөнінде пікірлер айтуда. Қазақстан да әлемдік экономиканың бір бөлігі болғандықтан, біздің еліміз де дағдарыстың кейбір көріністеріне жол бермеу үшін бірқатар шараларды қабылдауы тиіс»,- деді Мәжіліс төрағасы.Сондықтан Парламент Үкіметпен бірлесе отырып, маңызды заң жобаларын талқылап, дер кезінде қабылдауы қажет. Сонымен қатар артық қаржы шығыстарына жол бермеу мақсаты көзделіп отыр. Осы орайда Палата төрағасы депутаттардың бастамасы бойынша Парламенттің қаржы шығыстарынан 1 млрд 300 млн теңге қысқартылып, үнем жасалғанын тілге тиек етті. Және де шетелге шығатын іссапарларға да шектеу жасалып отырғанын мәлім етті. «Осы қаңтар айында «Нұр Отан» партиясының фракциясы отырысында қаржы дағдарысына қарсы іс-шаралардың жүзеге асырылуы туралы Үкіметтің есебін тыңдауды жоспарлап отырмыз»,- деді Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов.