Осы айдың соңында Павлодарда анод зауыты ашылады
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - «Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ кәсіпорындары басшыларының мәлімдеуінше, Павлодарда қараша айының соңында күйдірілген анодтар шығаратын зауытты ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Бүгінгі таңда анод зауытын салу жұмыстары аяқталып, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, өндіріс үшін ең тиімді болып табылатын щведтік газ тазарту жүйесі орнатылды. Зиянды газды ұстап қалу деңгейі 97 пайызды құрайды.
Бұған дейін айтылғандай, жылына 136 мың тонна күйдірілген анод шығаратын зауытты іске қосу «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-дағы алюминий өндірісінің құнын төмендетуге және алюминий өндірісіндегі қазақстандық үлесті арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта күйдірілген анодтар Қытай мен Ресейден сатып алынады. Жобаның құны 240 млн. долларды құрап отыр.