«Осы бізде намыс бар ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 19 қараша, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Осы бізде намыс бар ма?» - баспасөзге шолу
*** «Бір нәрсеге миым жетпей-ақ қойды. Еліміздегі баз біреулер Григорий күнтізбесі бойынша жаңа жыл туысымен келесі жаңа жылды (Наурызды емес) тағатсыздана күтетін сияқты. Бұл ретте, әсіресе, Астана алдына ешкімді салар емес. Өткен жылы желтоқсан туар-тумаста жаңа жыл қарбаласына кірісіп кетсе, биыл Еуропаңды да, Америкаңды да, тағы кімің бар, бәрін артқа тастап, қарашаның бел ортасында, қар қылауламай жатып, жасыл шырша тіге бастады. Қазір қаланың қай бұрышына барсаң да абыр-сабыр, әлем-жәлем. Жұрт бір нәрседен құр қалатындай жанталасып жатыр. Япырм-ау, бұл не? Біздегілер уақытты ауыстырып алғаннан сау ма өзі?! Әлде жаңа жылға дайындықты екі ай бұрын бастау біржола салтымызға сіңіп, дәстүрімізге еніп кеткені ме?» - деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Осы бізде намыс бар ма?» деген мақаласында. Бас басылымда «Корт кербезі» атты мақала жарияланды. Астанада әйелдер арасында ITF турнирінің кезекті жарысы өтіп, онда Қазақстанның жас теннисшісі Кәмила Керімбаева жеңімпаз атанды. Осыған орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оны телефон арқылы жеңісімен құттықтады. ITF турнирі - халықаралық теннистер қауымдастығының (WTA) қамқорлығымен әйелдер арасында өтетін үлкен жарыстардың бірі. Ол жас теннисшілердің болашақта WTA-ның үлкен турнирлеріне қатысуы үшін өткізіледі. Осы сында Кәмила Керімбаева алғаш рет үлкен жетістігіне жетті. Ол Астанада өткен турнирде өзбек теннисшісі Альбина Хабибулинаны екі партияда 6:1, 6:3 есептерімен ұтты. Бұған дейін Кәмила өз елімізде үлкен халықаралық жарыстарда мұндай биік тұғырға көтерілген емес еді. Сондықтан, мұны оның өміріндегі ең жоғары нәтиже деуге болады. *** «Айқын» газетінің жазуынша, Мәжілісте өткен кешегі «Үкімет сағатында» елді елең еткізерлік бірнеше жаңалық айтылды. Біріншіден, алдағы жылдары «Қазақстанда жасалған» автокөліктердің бағасы арзандауы мүмкін, Индустрия министрінің бірінші орынбасары А.Рау мұны жоққа шығармады. Екіншіден, алда Астана, Алматы және басқа да ірі қалалардағы көшелер көліктен босап қалуы ғажап емес! Өйткені ел Үкіметі екі миллионнан астам көлікті жою жолын қарастыратын болады. Осы күні, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру аясындағы ауыл шаруашылығы бойынша келіссөздердің құпияға айналдырылғандығы мәлім болды. Қазақстан жиырма жылға жуық уақыт бойы ДСҰ есігін қағып тұр. Бұрын бұл хабарды үреймен қабылдайтын халық енді жалыға бастағандай. Оның үстіне бұл жаһандық ұйымға еліміздің нақты қашан кіретіндігі қайтадан белгісіз болып қалған көрінеді. Осыны байқаған, әрі 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасының келіссөзшілерді сынағанын естіген Сенат пен Мәжілістің депутаттары «бас келіссөзшіні» кезек-кезек шақырып, сұрақты қарша боратты. «Әрине, Кеден одағы және келешектегі «Еуразиялық одақ» бойынша келіссөздерді қатар алып жүргендіктен, Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжановаға қалаулылар «қос славян, бір түркі» елінің бірлестігіне қатысты сауалдарды да қоса қойды. «Солар бірігіп алып, біздің мүддемізді аяқасты етіп жатқан жоқ па?» деп ашығын сұрады депутаттар. Расында, ондай талаптар жоқ емес деседі. Мысалға, Қазақстан шетелдің үздік технологиялы озық комбайндарын әкелейін десе, Беларусь пен Ресей тізе қосып, оған тоспа қойып тастапты!» - деп жазады басылым «2,5 миллион көлік қайда кетеді» деген мақаласында. Осы басылымда «Президент сыны серпін берді» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ел тұрғындарының 97 пайызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы 11 қазанда Үкіметтің кеңейтілген жиынында шенеуніктерді сынаған соң атқарушы билік қызметтерін анағұрлым жандандыра бастағанын атап көрсетті. Бұл осы жылдың 9 -14 қарашасы аралығында Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының мамандары жүргізген сұрақ-жауап барысында анықталды. Институт мамандары жүргізген сұрақ-жауапқа еліміздің 14 облысы мен екі қаласының (Астана және Алматы) тұрғындары қатысты. Егер еске сала кетсек, сол жиында Елбасы жергілікті жерлердегі және сондай-ақ, орталықтағы атқарушы биліктің тұрғындардың өмірінде туындайтын аса маңызды проблемаларға атүсті қарайтынын, тіпті көңіл бөлмейтінін ашық айтқан-ды. Сұрақ-жауап барысында анықталған бір жәйт, оған қатысушылардың 97 пайызы Елбасының Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға қандай нұсқау немесе тапсырма бергенін және сол тапсырманың аймақтарда қалай орындалып жатқанын нақты білетін болып шықты. *** «Қазақ әдебиеті» басылымының соңғы санында «Бүгінгі қазақ БАҚ-ының өресі мен өрісі» деген мәселе көтеріліп отыр. «Ақпарат ғасыры аталып кеткен бұл дәуірде көп ел қарулы күштерін нығайтудан бұрын әлемдік ақпарат кеңістігін мейлінше кең игеруге баса назар аударып отырғаны жасырын емес. Тіпті, ұлт жанашырлары үшінші дүниежүзілік соғыс ақпарат соғысы түрінде жүріп жатқанын айтып шырылдап жүр. Ал біз қазақ БАҚ-ының өрісінің кең болуына қаншалықты мән беріп отырмыз. Ақпарат қауіпсіздігі елімізде қаншалықты сақталған? Біздегі ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті ме?»,-деп жазады басылым. Осы орайда газет тілшісі бұл мәселе бойынша журналистердің пікірін ұсынып отыр.