Осы уақытқа дейін елордадағы 23 басқарманың тек 10-ы ғана мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшті - О.Асанғазы

Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімдігінде өткен «Мемлекеттік тіл мәртебесі: бүгін және ертең» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысында Тілдерді дамыту басқармасының төрайымы Оразгүл Асанғазы мәлім етті.
«2007 жылдан бастап Астана қаласындағы іс жүргізу қазақ тіліне көшуі тиіс болған. Әрине, қағаз жүзінде көштік. Бірақ, жасыратыны жоқ, елордадағы 23 басқарманың 10-ы ғана қазақша іс жүргізуге көшті. Сол себепті бізге «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек. Осы заңда «мемлекеттік мекеме іс-қағаздарын тек мемлекеттік тілде ғана жүргізуі міндет» деп жазылуы қажет. Себебі қазіргі кезде қазақша іс-қағаз толтырған мекемеден министрлік кез келген ресми қағаздың орысша нұсқаларын беруге міндеттейді. Мысалы, қаржы, экономика және жоспарлау басқармасы қазақ тілінде қағаз жазса, олардың есептерін министрліктер қабылдамайды», деді ол.