12:12, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Осы жылдың қаңтар айында зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу үшін бюджеттен 58 млрд. теңге қарастырылған ? Б. Сапарбаев
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы жылдың қаңтар айында зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу үшін бюджеттен 58 млрд. теңге қарастырылған.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік салаға бөлінген 628 млрд. теңге толық күйінде сақталды. Қаңтардың 5-інен бастап көбейтілген зейнетақы мен жәрдемақылар белгіленген кестеге сәйкес төленіп жатыр. Осы айдың ішінде зейнетақы мен жәрдемақыны төлеу үшін 58 млрд. теңге қаржы көзделген», деді отырыста Б. Сапарбаев.Оның айтуынша, мемлекеттің жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнеткерлердің қаржысын сақтап, кепілмен жүзеге асыру үшін биылғы жылдың бюджетінде 1 млрд. 700 млн. теңге қаралған. Қазіргі таңда осы қаржыны зейнеткерлерге төлеу үшін ережелер барлық министрліктермен, Қаржылық бақылау агенттігімен, Ұлттық банкпен келісіліп Үкіметтің қарауына берілген. «Жергілікті жерлердегі халыққа төленетін атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі және көп балалы аналарға көмекті республика тарапынан қолдау үшін 2009 жылдың бюджетінде 7 млрд. теңге қарастырылған», деді Б. Сапарбаев.