Осыдан 26 жыл бұрын Семей ядролық полигонында соңғы жарылыс орын алған - О. Сүлейменов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары және студенттерімен кездесті.
None
None

Бұл кездесу Семей ядролық полигонында жасалған соңғы ядролық жарылыстың 26 жылдығына орайластырылды.

Өз сөзінде Олжас Сүлейменов 1989 жылы 19 қазанда Кеңес Одағы телеграф агенттігінің Семей полигонында кезекті жарылыс жасалғандығы туралы хабар таратқан соң, «Невада-Семей» қозғалысы ядролық жарылысқа қарсы Алматы, Семей, Павлодар, Қарағанды, Саран және Мәскеу қалаларында жиналыстар, митингілер ұйымдастырылғандығын айтты.

«Біз қозғалысты құрған кезде студенттер бізге өте жақсы көмектесті. Олар полигонды жабу бойынша халықтан қол жинады. Сөйтіп, бір-екі аптаның ішінде екі миллионнан астам қол жинады. Халықтық және парламенттік дипломатия, міне, осындай нәтиже берді. Біз қозғалысты 1989 жылы 28 ақпанда құрдық. Ал сол жылы 19 қазанда соңғы жарылыс болды. Кейін, көп ұзамай 23 қазанда полигонды жабу туралы мәселе көтердік. Ол сұрақ дауыса салынды. Сөйтіп, Жоғарғы Кеңес оны толығымен қолдап дауыс берді. Содан 1989 жылы 20 қазанда «КСРО үкіметі Семей ядролық сынақ полигонын жабу мәселесін қарасын» деген қаулы шығарылды», - деді О. Сүлейменов.

Ол сонымен қатар қазіргі таңда жыл сайын ел болып атап өтілуі керек екі атаулы күн бар екендігін жеткізді. Олар 1989 жылдың 28 ақпаны - «Невада-Семей» қозғалысы және 1991 жылдың 29 тамызы - Семей полигонының толық жабылу күні.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды - Халықаралық ядролық сынаққа қарсы наразылық күні деп жариялады. Ал оны халықаралық күнтізбеге енгізу мәселесін бірінші болып қазақстандықтар көтерген. Қазір ол жыл сайын бүкіл әлемде атап өтіледі.

Олжас Сүлейменов сөз соңында «Невада-Семей» қозғалысының бұдан кейігі қызметінің ядролық сынақтарда бүкіл әлемде бойынша тоқтатуға бағытталғандығын атап өтті.

Ал бүгінгі кедесуді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Невада-Семей» қозғалысы ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар