Осындай стратегия негізінде еңбекқор, дана халық мемлекет дамуы мен ұлттық өркендеу бағытында үлкен жетістіктерді еңсереді деген ойдамын - Чжан Дэгуан

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат - «Осындай стратегия негізінде еңбекқор, дана халық мемлекет дамуы мен ұлттық өркендеу бағытында үлкен жетістіктерді еңсереді деген ойдамын». Қытайдың Қазақстандағы алғашқы елшісі Чжан Дэгуан Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы туралы осылай дейді.
None
None

«Қытайдың Қазақстандағы алғашқы елшісі ретінде мен өзімнің осы елмен қаншалықты бауырлас болып қалғанымды айқын сезінемін. Бүгінде мен бұл елден жырақта жүргеніммен, ұзақ жылдар бойы Қазақстан-Қытай қатынастарының қалайша қалыптасып жатқандығын жіті бақылап отырамын. Мен Қазақстандағы сан түрлі оқиғалардың куәсі болған адаммын. Қазақстан үкіметі мен халқының ел экономикасын дамытуды ұлттық мүддемен ұштастыру жұмыстарына деген белсенділіктерін ерекше атап өтер едім. Бүгінде бұл елде саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар белсенді түрде өзгеріске ұшырап, елдің келбеті әрленіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайлары тұрақты артып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның халықаралық және аймақтық деңгейдегі беделі мен ықпалы да арта түскен. Мен жыл сайын шаруаларым қаншалықты көп болғанына қарамастан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауларымен барынша жан-жақты әрі жақын танысуға тырысамын. Сөйте келе бұны әдетке айналдырдым десем, артық айтқандық емес. Мен жылдағы осы әдетімнен жаңылмай, биыл да Қазақстан басшысының «Жаңа онжылдық - жаңа өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын ерекше қызығушылықпен зерделеп шықтым және бұл құжатқа қатысты пікір білдіре кеткенді де жөн санаймын», дейді елші.

Оның пайымдауынша, Қазақстан басшысының биылғы Жолдауы алдағы «Қазақстан-2030» стратегиясындағы міндеттерге негізделген елдің онжылдық дамуын қамтамасыз ететін маңызды құжат. Ол бүгінгі заман талабы мен стратегиялық перспективаға негізделген. Жолдауды мемлекет құрылысы мен оның әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен рөл атқаратын үлкен саяси оқиға деуге болады. Президент

онда мемлекеттің бүгінгі күнге дейінгі жетістігін қорытындылаған. Н.Назарбаев онда өткен жылы елді қаржы дағдарысынан алып шығу үшін макроэкономикалық реттеу, индустриялық қайта құрылымдау шараларын жеделдету, инвестиция тарту шараларын кеңейту, экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілгендігін ерекше атап көрсетеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде ел экономикасы дағдарыстың салдарын еңсере білді. Бүгінде мемлекет экономикасы тұрақтанып, дами бастады. Елдегі жұмыссыздың деңгейі де құлдырады. «Бұған біз әрине қуаныштымыз», дейді Қытай елінің өкілі.

Сондай-ақ оның пікірінше, Елбасы Жолдауы елдің алдағы 10 жылдағы даму жоспарына негізделген. Құжат дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындық, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азаматтарды сапалы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздік пен халықаралық қатынастарды одан әр дамыту жайттарын қамтиды. «Осындай стратегия негізінде еңбекқор, дана халық мемлекет дамуы мен ұлттық өркендеу бағытында үлкен жетістіктерді еңсереді деген ойдамын. Құжатта саралай отырып, Қазақстан мен Қытайда алдағы

он жылдықта бірлесіп атқарылуы тиіс міндеттердің қаншалықты зор екендігін көруге болады. Біз бір-бірімізден үйреніп, бір-бірімізге демеу бола аламыз. Оның үстіне бізге ынтымақтастықта қызмет етуге сұранып тұрған сан түрлі салалар бар. Меніңше Қытайда мүкіндігінше ашықтық пен жариялылықтың салтанат құруы мен Қазақстанның дамуының жаңа мүмкіндіктері арқылы екі ел арасындағы әріптестікті арттыруға үлкен жол ашылады деп сенемін. Қазақстан мен Қытай осы мүмкіндікті пайдаланып, өзара саяси сенімді арттырып, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш салуы қажет», деп қорытады сөзін Чжан Дэгуан.

Соңғы жаңалықтар