Отан қорғау ұғымы еліміздің әрбір азаматының санасында болуы тиіс-Қуаныш Сұлтанов

АНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ертең, 7 Мамыр Тәуелсіз Қазақстанның тағы бір айтулы меркесі - Отан қорғаушылар күні!
None
None

Жалпы Отанын қорғау бұл - азаматтың бір басындағы көп борышының ішіндегі аса қасиеттісі әрі киелісі. Өйткені, атадан ұл болып туған азамат үшін ең қымбат сезім - Отанын қорғау сезімі болатыны анық. Сондықтан да, кешегі Кеңес дәуірінің идеологиясы бұны терең дәріптей білді, тепсе темір үзетін кез келген жігіт әскери борышын өтеуге асық болды. Ал бүгінгі ахуал қандай?! Дәл осы мәселеге байланысты ҚР Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтановты аз-кем әңгімеге тартқан едік.

- Қуаныш Сұлтанұлы! Кеңес одағы тұсында әскерде болған шығарсыз. Борышыңызды қалай атқардыңыз, қандай шенде, не қызметте болдыңыз, тарқатып айтып берсеңіз?

- Мен Кеңес одағы тұсында әскери борышымды Сібірдің Красноярск өлкесінен бастадым. Алдымен сол өңірде бір жылға жуық курсант болып, әскери оқу оқыдым. Аэродромдарды қамтамсыз ететін оператор қызметі бойынша кіші авиация мамандарының мектебінен өттім. Бір жыл курсант болып, одан кейінгі жылы Астрахан облысына жіберілдім. Сонда әскери қызметті атқардым. Кеңес одағының сол кездегі бірінші нөмірлі сынақ алаңы Астрахан облысында орналасқан еді. Алаңда күндіз-түні ұшуларды басқаратын генерел әйтпесе полковник шеніндегі басшылар болатын. Солардың жанында ұшуға қажетті бүткіл техниканы қамтамасыз ететін, қажетті ақпаратты алатын, беретін, қонуларды басқаруды ұйымдастыратын оператор болдым. Расын айту керек, сол кезде біз Одақтың, мемлекетіміздің алдындағы борышымызды өтеуге үлкен патриоттық сезіммен баратынбыз. Үш жыл әскер қатарында болғанда сондай Отан алдындағы үлкен міндет бірінші кезекте санада тұратын.

- Сол кездегі, яғни Кеңес одағының тұсындағы әскер қатарына барушылар 23 ақпанды мерекелеуді әдетке айналдырып алғаны белгілі. Тіпті Тәуелсіз Қазақстанның төл мерекесі 7 Мамыр - Отан қорғаушылар күнін бәзбіреулер елемей жатады. Сіздің ойыңызша, бұндай әдеттен арылтудың қажеті бар ма?

- Әрине, Қазақстанның ресми қабылдаған мерекесі бар, 7 Мамыр - Отан қорғаушылар күні. Бұл дербес ел ретіндегі мемлекеттігімізді білдіретін айбынды армиямыздың ғана емес, барша отаншылдардың мерекесі. Дегенмен, Кеңес одағының тұсында өмір сүрген азаматтардың әрқайсысына, сондай-ақ еліміздегі кез-келген азаматқа «осыны тоқтат», «бұған қарама», «былай жүр, алай істе, бұлай істеме» деп ешкім бұйрық бере алмайды ғой, ондайға хақысы да жоқ. «Ескіні санаңнан мүлдем сызып таста» деу де ақылсыздықтың белгісі. Оның үстіне Кеңес одағы сол тұстағы әрбір адамның өткен өмірбаян тарихының бір парағы. Сол үшін ондай еске алысуларда тұрған ештеңе де жоқ деп ойлаймын. Одан саяси астар іздеп, мұндай мәселені саясатқа айналдырудың да, дау-дамай ретінде өрбітудің де қажеті шамалы. Оның үстіне Қазақстанда 23 ақпанды ешкім ресми түрде тойлап жатқан жоқ. Ресми тойлансын деген сөз де шыққан емес.

- Дегенмен, 23 ақпан Ресейдің мерекесі. Ал біздің жұрт сайлаған депутаттар Парламенттің төрінде отырып, бір-бірін басқа елдің осындай мерекесімен құттықтап жататын жайттар да орын алып еді...

- Тағы қайталайын: адам неге бәрін бір сәтте-ақ ұмытып кетуі тиіс. Кеңес одағында мектепте оқыдым, Кеңес одағында университетте білім алдым, Кеңес одағында әскер қатарында болдым, сол тұста академияны тамамдадым. Осының бәрін неге ұмытуым керек? Оны ұмыта алмаймын. Мінеки Тәуелсіздікпен түйдей құрдас жаңа ұрпақ өсіп келе жатыр, олар Кеңес одағын білмейді, көрген де жоқ. Кейінгі толқын «23 ақпанды» санасымен қабылдай алмайды, ондай мерекенің оларға қажеті де жоқ. Ал сол мерекені білетін адамдардың бәрін қайда жібереміз?! Ал «Парламенттің төрінде» дегенге келетін болсақ, жоғарыда айтылғандай бұл жайында нақты шешім қабылданып жатқан жоқ. Шешім қабылдайық, деп мәселе көтерген адам да жоқ. Депутаттар бірін-бірі құттықтаған шығар, солай болса ондай ауызекі құттықтау әлгі орында қалды, бітті. Бұдан дау шығаратындай саяси платформаның әңгімесі емес еді.

- Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс қабілетін қалай бағалар едіңіз?

- Біздің қорғаныс қабілетіміз - бейбіт қорғаныс. Мемлекеттің тұтастығын, елдің тыныштығын қорғайтын қабілет. Бұл ретте ең алдымен мемлекетімізді қорғауға қажетті қорғаныс күштері барлық бағыттар бойынша да бізге жеткілікті деп санаймын. Біздің жасақтаған Әскери доктринамызды алып қарасаңыз, соның өзі бірінші кезекте бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталады. Ол бойынша біздің әскеріміз, сарбаздарымыз мобилизациялаған, жоғары техникалық, технологиялық жабдықтармен жарақтанған, жоғары дәрежеде маманданған, шағын ғана әскер болуы керек еді. Бұл іс жүзінде де солай.

- Бүгінгі күні Қазақстанның әскерінде келісімшартпен баратындар, яғни «жалдамалылар» басым рөл атқаратын секілді. Сіздің осыған қатысты пікіріңізді білсек?

- Жалпы «жалдамалы» әскерге оның тура сондай қатып қалған жалдамалылық тұрғысынан қарамау керек деп санаймын. Оларды кәсіптік һәм жауынгерлік шеберлік жағынан қарауға тиіспіз. Оларды әскери қызметке тек қана міндеттеп қоймай, кәсібилігін пайдаланамыз әрі олардың кәсібилігін кәдеге жаратып, сол үшін мемлекеттен жалақы төлейміз. Әлбетте, ондай санаттағы азаматтар еліміздің армиясы үшін аса қажет. Оның үстіне армия қатарына өткенде олар Отан алдында туған елі мен жері үшін ант береді. Қанша жерден «жалдамалы», келісімшартпен уақытша ғана келген болса да сарбаз міндетті түрде Отанды қорғаушылық сезімін, сол бағыттағы міндетін, мүдделілігін көрсетеді. Одан ең алдымен сол мүдде сұралады. Осы тұрғыдан келгенде жас ұрпақты әр отбасында, мектепте бала кезінен патриоттық сезімде тәрбиелеу кішігірім емес, үлкен мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Бұл жүйелі түрде жүргізілуі тиіс шара. Сонымен бір мезгілде, отаншылдық мәселесі тек әскерде болумен ғана емес, әрбір қарапайым азаматтың Отанын сүюге міндеттілігімен өлшенеді. Онсыз, ондай шексіз сүюсіз, шексіз махабатсыз Отан болмайды.

- Отан қорғаушылар күніне қатысты Алаштың азаматтарына тілегіңізді естісек...

- 7 Мамыр - Отан қорғаушылар күнінің Жеңіс мерекесімен тұспалдасып тұрғаны қуантады. Бұл Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен кезінде қабылданған игі шаралардың бірі. Содан бері әскеріміздің қатарында, Ұлттық гвардиямыз - Ұланның қатарында қаншама жауынгер үлкен әскери-патриоттық тәрбиеден өтті, өсіп келе жатқаны қаншама. Жалпы оларды мемлекетіміздегі ел рәміздерін, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғауда үлкен еңбек жолынан өтіп жатыр деп есептейміз. Елімізде әруақытта тыныштық болса екен деген тілегім бар. Ешқашанда қарулы күшке жүгінетін жағдай болмаса, ел басына сондай күн тумаса екен. Алайда елдің қауіпсіздігі тұрғысында әруақытта осы саланы игеруге, әскерімізді жаңартып, жарақтап тұруға тиіспіз. Ол үшін әскери білім мен оқу, жауынгерлік дағды бір сәт те тоқтамауы керек. Сол арқылы жастарға патриоттық тәрбие де болуы шарт. Сондай тәрбиені кеңінен өрістетіп отырған да ләзім. Сонымен қатар, Отан қорғау ұғымы әрбір азаматтың санасында болса екен. Өйткені, Қазақстан - өз Отанымыз, Қазақ даласы - өз жеріміз, Қазақ елі - өзіміздің туған халқымыз! Оның қорғанысы туралы терең ойлау әрбір қазақтың жадында мәңгі болуы шарт. Әр уақытта ел мәртебесі биік, ұжданы жоғары болсын!

Соңғы жаңалықтар