Отандық 3 мұнай өңдеу зауыты да Jet A-1 авиаотынын өндіруге дайын – Асхат Хасенов
АСТАНА. KAZINFORM – Отандық мұнай өңдеу зауыттары автомобиль жолдарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модификацияланған битум өндірісіне көшу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты.
- «ҚазМұнайГаздың» мұнай өңдеу зауыттарының тоқтаусыз жұмысын жолға қойып, дамыту – стратегиялық маңызды міндет. Бүгінгі таңда тұрақтылық индексін 96 пайызға дейін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық шешімдерді енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жеңіл мұнай өнімдерінің шығымы – мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Заманауи катализаторлар мен қоспаларды қолдану, технологиялық процестерді автоматты түрде басқару, сондай-ақ өндірісті тоқтатпай ақылды технологияларды енгізу сияқты іс-шаралар арқасында бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 83 пайызға дейін жеткізу көзделген, - деді Асхат Хасенов.
Компания басшысының айтуынша, қайтарымсыз шығындар мен отын тұтынуды төмендету де ерекше назарда. Оның ішінде көмірсутек газдарының шығын жолдарын анықтап, оларды бітеу арқылы 8-ден 5,5 пайызға дейін қысқарту жоспарланып отыр.
- Бүгінгі таңда үш мұнай өңдеу зауыты Jet A-1 авиаотынын өндіруге техникалық және нормативтік тұрғыдан дайын. Авиация саласын экологиялық таза отынмен қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» Kaz Food Products-пен бірлесіп биоэтанолды жаңартылатын авиаотынға айналдыратын SAF өндірісі жобасын іске асырып жатыр. Биыл жобалық жұмыстары басталады. Сондай-ақ, автомобиль жолдарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модификацияланған битум өндірісіне көшу пысықталып жатыр, - деді ол.
Бұған дейін Үкімет отырысында инновацияларды дамыту мәселесі талқыланатынын жазған едік.