Отандық дәрі-дәрмек өндірісі 37%-ға артқан: импортты алмастыру қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Отандық фармацевтикалық өнімнің көлемі қаншалықты артты? Импортты алмастыруда қандай жетістіктер бар? Бұл сұрақтарға Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.

Қазақстан дәрі-дәрмек нарығында импортқа қаншалықты тәуелді
Фото: egemen.kz

Қазақстандық фармацевтика нарығын дамыту мәселесі елдің экономикалық өсуінің, инвестицияларды тартудың, бизнесті қолдаудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызды құралдарының бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 31 пайызға өсіп, 1,285 трлн теңгеге жетті. Жалпы алғанда қазақстандық фармацевтикалық өндіріс 37 пайызға артып, 191 млрд теңгені құрады.

- Оң динамика 2026 жылы да сақталды. Жылдың бірінші жартыжылдығында фармацевтикалық өндіріс көлемі 126,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға (97,6 млрд теңгеден 126,6 млрд теңгеге дейін) артты. Сонымен қатар, инвестициялық белсенділік артып келеді. 2025 жылы фармацевтика өнеркәсібіне тартылған инвестициялар көлемі 56%-ға өсіп, 142,8 млн АҚШ долларына жетті. Тек 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 7,1 млн АҚШ доллары тартылды, - делінген Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәліметінде.

Бүгінде Қазақстанда фармацевтикалық және медициналық өнімдерді шығаратын 209 өндіруші бар, оның ішінде 43 кәсіпорын дәрілік заттарды шығарады. Отандық өнімдердің номенклатурасы да кеңейіп келеді. 2026 жылғы тамыз айындағы жағдай бойынша қазақстандық өндірушілер 2 994 түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды тіркеді. Дәрілік заттарды таңбалау және іздеу жүйесінің мәліметтеріне қарағанда, қазақстандық өндірушілердің үлесі 40,3%-ға жетті.

- Қазақстандық кәсіпорындар қазір сұранысы жоғары дәрілік препараттардың кең спектрін — антибактериалды, жүрек-қан тамырларына арналған, ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы құралдарды, орталық жүйке жүйесі ауруларын емдеуге арналған препараттарды, сондай-ақ басқа да өнімдерді шығарып жатыр, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

дәріхана
Фото: freepik.com

Жаңа жобалар

Қазақстандық өндірісті кеңейтуде мемлекеттік сатып алу маңызды рөл атқарады. 2025 жылы бірыңғай дистрибьютор — «СК-Фармация» ЖШС арқылы отандық өндірушілерден сатып алу үлесі 32 пайызды құрады. Сондай-ақ, өндірушілер үшін өнім шығаруды және инвестицияларды жоспарлау бойынша ұзақ мерзімді жағдайлар жасалды. 2026 жылдың басына қарай 31 қазақстандық өндірушімен 2 022 дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды жеткізу бойынша 83 ұзақ мерзімді шарт қолданыста болды.

Бұдан бөлек қазақстандық фармацевтиканы дамыту технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге, локализацияны тереңдетуге және өнімнің күрделі түрлерін игеруге де байланысты. Елде ірі халықаралық фармацевтикалық компаниялардың, соның ішінде AstraZeneca, Pfizer және Roche компанияларының қатысуымен жобалар іске асырылып жатыр. Халықаралық ынтымақтастық инвестицияларды, заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді.

- Сектордың дамуының жаңа кезеңі ауқымды инвестициялық жобалармен байланысты. 2025 жылдың желтоқсанынан бастап жалпы құны 391,3 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыттар салу бойынша 8 инвестициялық жобаны іске асыру туралы келісімдер жасалды. Жобалар аясында шамамен 494 атаудағы дәрілік затты, оның ішінде орфанды, антибактериалды және онкологиялық препараттардың өндірісін игеру, сондай-ақ 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланды, - деп нақтылады министрлік.

Атап айтқанда, жобалар Алматы қаласында, Шымкент қаласында, Алматы және Қарағанды облыстарында іске асырылады. Оларды жүзеге асыру өндірістік портфельді айтарлықтай кеңейтуге, локализация тереңдігін арттыруға және қазақстандық фармацевтикалық өнімдерді экспорттаудың жаңа мүмкіндіктерін құруға жол ашады.

Дәрі-дәрмек сапасы

Дәрі-дәрмекті өндіру Тиісті өндірістік практиканың (GMP) талаптарына сәйкес жүзеге асырылады, ал медициналық затттарды өндірушілер өнімнің сапа саласындағы халықаралық ISO стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Қазақстан дәрілік заттарды реттеудің ұлттық жүйесін жүйелі түрде күшейтіп келеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан ұлттық реттеу жүйесінің жетілуінің үшінші деңгейіне жетті. Қазақстан бұл деңгейге жеткен ТМД-да алғашқы ел және ДСҰ-ның Еуропалық аймағындағы 53 мемлекетінің ішінде төртінші елі болды.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: 2026 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН САТЫП АЛУ ШЕҢБЕРІНДЕ ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БАҒАСЫ 50%-ДАН 300%-ҒА ДЕЙІН ТӨМЕНДЕДІ
Фото: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

Келесі маңызды қадам Қазақстанның фармацевтикалық инспекциялардың халықаралық жүйесіне (PIC/S) қатысуы болмақ. Қосылу туралы өтінім берілді. Бұл фармацевтикалық инспекторат деңгейін одан әрі арттыруға және ұлттық реттеу жүйесінің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік береді.

- Әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмыстар да жалғасып жатыр. «Бір терезе» қағидаты бойынша композиттік қызметті енгізудің арқасында дәрілік заттарды тіркеу мерзімдері екі еседен астам қысқарды — 210 жұмыс күнінен 100 күнге дейін. Реттеу бойынша танымал препараттар үшін тіркеу мерзімі 15 жұмыс күніне дейін болуы мүмкін. Бұл олардың сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне қойылатын талаптарды сақтай отырып, қажетті дәрілік заттардың нарыққа шығуын жеделдетуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады ДСМ.

Келесі стратегиялық бағыт - биотехнологияларды дамыту. Қазақстанда 2036 жылға дейінгі биотехнологияларды дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр. Ол ғылыми зерттеулер мен жаңа биопрепараттарды әзірлеуден бастап клиникаға дейінгі, сондай-ақ клиникалық зерттеулерге, тіркеуге, өндірістік шығаруға және өнімді ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығаруға қатысты толық циклді қалыптастыру үшін жағдай жасауды қарастырады.

Осылайша, қазақстандық фармацевтика өнеркәсібі жекелеген дәрілік заттарды басым түрде импорт алмастырудан толыққанды өндірістік және технологиялық базаны қалыптастыруға біртіндеп көшіп жатыр. Өндірістің өсуі, жаңа инвестициялық жобалар, номенклатураның кеңеюі, локализацияның тереңдеуі, биотехнологияларды дамыту және халықаралық компаниялармен ынтымақтастық Қазақстанда бәсекеге қабілетті фармацевтика саласын қалыптастырудың негізі болады.

Бұл жұмыстың басты мақсаты — халықты қажетті сапалы және қауіпсіз дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыру және елдің дәрі-дәрмек саласындағы қауіпсіздігін нығайту.

Болашақта меншікті өндірісті дамыту импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, қосымша инвестициялар тартуға, меншікті технологиялық құзыреттіліктерді қалыптастыруға және қазақстандық фармацевтикалық өнімдердің экспортын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстанның фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі 3 жылда үш еседен астам өскенін жазған едік.