Отандық машина жасау саласы жинақтап-құрастырудан өсіп, жаңа деңгейге көтеріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Сектордың барлық басты бағытында оң динамика сақталып отыр. Оның ішінде автокөлік, ауыл шаруашылығы, теміржол және электротехникалық машиналарын жасау белсенді дамып келеді. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында мәлімдеді.
Енді машина бөлшектерін де елімізде жасауға күш салынбақ.
– Локализациялау деңгейін арттыру және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару мемлекеттің бұлжымас басымдығы болып қала бермек. Қазіргі кезеңде жинақтап-құрастырудан өзіміздің инженерлік шешімдерді әзірлеуге және ел ішінде жоғары технологиялық активтерді құруға көшу үдерісін жеделдету маңызды, – деді О.Бектенов.
Айта кетейік бұған дейін машина жасау саласына құйылған инвестиция көлемі артып, 376 млрд теңгеге жеткенін жазғанбыз.
Машина жасау саласындағы өнімдердің экспорты екі есеге ұлғайды.
Машина жасау дамыған елдерде өңдеу өнеркәсібінің негізгі саласы болып есептеледі. Қазақстандағы әлеует қандай? Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге елдегі ахуалды зерделеді.